425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сақ болыңыз! Өзгенің атына несие рәсімдеу жиілеген

  • 159
  • UPD: 20:43, 28.10.2020

Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерге қарсы 8 мыңнан астам қылмыс жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның төрттен бірі – өзгенің атына несие рәсімдеумен байланысты. Биыл қаржылық алаяқтыққа қарсы 400-ден астам қылмыс ашылған. Бірақ оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің саны азаймай тұр.

Осыдан 10-15 жыл бұрын қулығына құрық бойламайтын қулар «сіз көлік ұтып алдыңыз, бірақ оны алу үшін мына нөмірге бірлік жіберіңіз» деген сыңайда хабарлама жіберіп, қоңырау шалатын. Қаншама аңғал азамат оларға арбалып, мынадай ондаған картаны текке жұмсады. Уақыт өте келе аялақтардың мүмкіндігі артып, қазақстандықтардың банк карталарын тонауға кірісті.

Алматылық Александр Марченко да – онлайн қылмыстың құрбаны. Алаяқтар оның атына микроқаржылық ұйымнан несие рәсімдеп, оны банк есепшотына аударыпты. Анығын білейін деп банкке барса, Александардың атына екі карта ашылған екен. Бір қызығы, ол қулардың құрығына қашан және қалай түскенін әлі күнге дейін білмейді.  

Александр Марченко, қала тұрғыны:

– Теңге.кз сайтында менің атымнан біреу 15 шілдеде несие алыпты. Тіпті бұл ұйым маған келісімшартты көрсетті. Онда менің жеке сәйкестендіру нөмірім мен куәлігімнің нөмірі дұрыс жазылған. Ал мекенжайым мен телефон нөмірім қате көрсетілген. Кейіннен карталардың иесі мен емеспін деп банкке де, микроқаржылық ұйымға да арыз жаздым. Аудандық ішкі істер бөлімі істі қарамады.

Алаяқтар Александрмен шектелмей, оның бауырының атынан да несие рәсімдеп үлгеріпті. Қазір екеуінің мойынында 350 мың теңгеден астам қарыз бар. Амалы таусылған ағайынды екеу прокуратураға жүгінген. Ақыры қылмыстық іс қозғалып, сенбі күні тергеуші шақырыпты. 

Ләззат Үсенбекова, қаржыгерлер қауымдастығының тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры:

– Бір азамат бір азаматтың реквизиттерін пайдаланып несие алып кеткен болса, оны дәлелдеу үшін прокуратура, сот және басқа да органдарға жазбаша арыз жазу керек. Несие беретін ұйымдар СVV код емес, оған қосымша қауіпсіздікті жүзеге асыратын түрлі жағдайларды дамытып жатыр. Мәселен, биометрикалық реквизиттер.

Әрине, әр ұйым, әсіресе қаражатпен жұмыс істейтін мекемелер әуелі өз қауіпсіздігін ойлайды. Сондықтан сарапшылар тұрғындарды сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырады. Әсіресе, интернеттен тауар сатып алғанда жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қадағалау маңызды. Жыл басынан бері осындай 8 мың қылмыс тіркелсе, оның 1700 ғана ашылыпты.

Нұржан Биякаев, банк сұрақтары бойынша тәуелсіз сарапшы:

– Азаматтарымызға ешкімге ешқашан картаның екінші бетін жібермеуге кеңес беремін. СVV код алаяқтың қолына түссе, өз ақшаңыздан айырылып қана қоймай, атыңызға несие рәсімделуі мүмкін. Біреуге құжатыңызды жібергенде абай болыңыз. Куәліктің бір бетін жіберіңіз. Болмай жатса, көшірмесін суретке түсіріп жіберіңіз. Көшірме қандай да бір операция жасауда негізгі құжат болып есептелмейді. 

Жыл сайын интернетті заңсыз пайда табу көзіне айналдырғандар саны көбейіп келеді. Мәселен, 2018 жылы елімізде 4 мың киберқылмыс тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш екі есе артқан. Ал жыл басынан бері 150 адам интернет алаяқтық үшін жазаға тартылған.

Хабар 24 телеарнасы