423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы-Өскемен тас жолы қашан ашылады?

  • 423
  • UPD: 21:00, 28.10.2020

Биыл Алматы-Өскемен тас жолының Шығыс Қазақстан облысындағы бөлігінде қозғалыс ашыла бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, қарашаның 25-не дейін 458 шақырымның 75 проценті жаңалануы тиіс.

Қалған жұмыстар күрделі болғандықтан, келесі жылға қалады. Алайда Үржар, Аягөз ауданының тұрғындары айналма жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданып отыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Халық негізінен айналма жолдардың сапасыздығына налиды. Қазір күздің толассыз жаңбырлары әлі бастала қойған жоқ. Соның өзінде жолда қалып қойған жолаушылар аз емес.

Сейітжан Ақаев, Қарақол ауылының тұрғыны:

– Үржар ауданы Қарақол ауылынанын. Көлік жолдың сапасыздығынан сынды. Бұрын бір жарым, екі сағат еді, қазір 3 жарым 4 сағатқа дейін кетіп қалады.

Алматы-Өскемен тас жолының транзиттік әлеуеті өз алдына, Үржар, Аягөз аудандарының 150 мыңнан астам тұрғыны осы жолмен күнделікті қатынайды. Былтыр басталған жұмыстардың сапасына жолаушылардың өкпе-реніші көп.

Нұрлан, жүргізуші:

– Айналма жолдар шұңқыр-шұңқыр, қарап жатқан ешкім жоқ. Не суғармайды, шаң-шаң.

Сергей Кобылов, жүргізуші:

- Қырғызстаннан Ресейге бара жатырмын. Төртінші күн, көлігім сынып тұр. Қосалқы бөлшектер әкеліп, енді ғана жөндеп отырмын. Бәрі дұрыс болса, жолға шығамын. Жолдар өте нашар, көлігіміз салдыр-гүлдір етіп жиі сынып жатқаны.

Жарма ауданы мен Таскескен ауылына дейінгі 194 шақырым жолды қайта жаңғыртып жатқан жауапты мекеме жетекшісінің айтуынша, жыл басында аздаған кедергілер болғанмен, қазір жұмыс қалыпты атқарылып жатыр.

Мұқан Әбішев, мердігер компания өкілі:

– Мекемеде жол бойынша 2 жарым мың адам қатысады, 800 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Басында бір ай қиындық болып, кешірек басталды. Бірақ қазіргі күнде жоспар бойынша жұмыс орындалып жатыр. 5 участокта жолдың үстінен көлікті жіберуіміз керек, соған тырысып жатырмыз.

Бақыт Қанатбеков, жобаның бас инженері:

– Бүгінгі таңда 50% жол салынып отыр. Бұл Өскеменнен Алматы облысының шекарасына дейін. Енді қарашаның 25-іне дейін қойылып отырған біздің өз ішіміздегі жоспарымыз – 75 %, жол жамылғысымен ашамыз деген ойымыз бар. Қалған 25% батпақ, көпірлер, айналма жол болғаннан кейін біз оны келесі жылға қалдырып отырмыз.

Ал тапсырыс беруші мен мердігерлер арасында жасалған келісімшартқа сәйкес айналма жолдарды күтіп ұстауға жол салушы мекемелер жауапты. Жыл басынан бері техникалық бақылау, басқа да сапаны бақылаушы ұйымдар тарапынан осындай мазмұндағы 200-ге тарта ескерту беріліпті. Қазір оларды жою бойынша кешенді шаралар атқарылып жатыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы