422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кинотеатрларда билет бағасы қымбаттады ма?

  • 179
  • UPD: 09:45, 30.10.2020

Осы аптада кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ әзірге киноға асыққан халық көп емес. Санитарлық шектеулер қойылғандықтан, кейбір кинотеатрлар желісінде билет бағасы да қымбаттап кеткен. 

Кинотеатрлар ашылғанымен, кино залдарда адам аса көп емес. 8 айға жуық киноға бармаған жас отбасы карантин басталғалы үлкен экранда кино көруге алғаш келіп отыр. Бірақ мұнда ол екеуінен басқа көрермен болмады. 

Аружан Үстемірова, қала тұрғыны:

- Жалпы осы карантин кезінде кинотеарлар жұмыс істемеді. Сондықтан кино көреміз деп асығыс күттік. Келсек, адамдар жоқ, екеуміз ғана отырмыз.

Сақтық үшін келушілер санының аз болғаны жақсы, бірақ кинотеатрлар үшін бұл тиімді болмай тұр. Санитарлық талаптарға сәйкес, кинозалдағы көрермендер саны 30 пайыздан аспауы керек. Алайда біз барған кинозалдардың дені бос болды.

Кинозалдағы орындар шахматтық тәртіп бойынша орналастырылған. Ал әрбір көрермен арасында екі орын бос тұр. Әрине, кинозалға кіру үшін міндетті түрде маска тағып, қолыңызды антисептикпен жууыңыз керек.

Киноға билетті де онлайн сатып алуға болады. Алайда билет құны бұрыңғыдан қымбат.

Ерлан Бұқарбаев, кинотеатрлар желісінің PR директоры:

- Келушілер саны 30 пайыздан аспайтын болғандықтан, біз де билет құнын 20 пайызға көтеруге мәжбүр болдық. Себебі табыс табуды айтпағанның өзінде, қызметкерлерге жалақы төлеу қиын болып тұр. Біздің қазіргі жағдайымызға көптеген сауда орталықтары түсіністік танытпаса, жағдай тұрақталғанша бірнеше кинотеатрлар желісін жабуымызға тура келеді.

Ал әзірге бағаны қымбаттатпадық деген тағы бір ірі кинотеатрлар желісінің өкілі бұл жағдай енді уақыттың еншісінде дейді.

Дмитрий Кириенко, кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры:

- Қазір билет құны 1000-теңгеден 2500 теңгеге дейін жетіп отыр. Әрине, барлығы сеансқа, киноға байланысты. Бірақ халық көп келетін сеанстарға шектеу қойылды. Мұның өзі біз үшін шығын болып тұр. Сондықтан әзірге байқап көреміз. Шығын көп болса, билет құнын көтеруіміз мүмкін.

Қаладағы ірі кинотеарлар желісі бизнестің бұл түріне 100 млн АҚШ долларынан атам қаржы салған. Ірі көлемде несие алғандықтан, оны қайтару оңай емес. Әрі карантин де ұзаққа созылып барады, сондықтан жағдай қиын болып тұр дейді ойын-сауық индустриясының өкілдері.

Авторлары: Алуа Маханбет, Әбен Нарымбаев, Радик Жақұпов

Хабар 24 телеарнасы