423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Шолпан ауылында шешімін таппаған түйткілдер шаш етектен

  • 247
  • UPD: 14:40, 30.10.2020

Ұзақ жылдар қордаланған мәселелерді тұрғындар аудан әкімінің есебі кезінде көтергенмен, жыл сайын уәде сөз күйінде қалып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

1300-ден астам халқы бар елді мекенде дұрыс ауызсу жоқ, жол сапасы нашар, 30 жылдан бері Мәдениет үйіне де жарымай келеді.

Осыдан 3 жыл бұрын Шолпандағы орта мектептің балалары жаппай сарыауру жұқтырып, тіпті бір оқушы көз жұмған еді. Сонда оқиғаның мән-жайын тексеруге келген республикалық комиссия бұған сапасыз судың да себеп екенін айтқан болатын. Алайда өкінішке қарай, содан бері ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылмаған, тұрғындары әлі күнге сапалы тіршілік нәріне жарымай отыр.

Ауыл тұрғындары 21-ғасырда өркениет қызығын көре алмай отыр. Құдықтан су тасып ішуге мәжбүр халық оның сапасына да алаңдаулы. Тіпті оның да  қиындап кеткен жайы бар.

Алтай Баймұхаметов, Шолпан ауылының тұрғыны:

– Судың деңгейі түсіп кетті, мотор қояйын десек, біраздан кейін шықпай қалады. Енді мына су жүйесін салып әлі жатыр. Айта-айта жауыр болды, 3-4 жыл болды айтқалы. Міне, бастап еді биыл, 2-3 мердігер ауысып, қазіргі жұмыс сапасы да көңілге қонымсыз. Мына түрімен әлі 2-3 жылсыз ауызсу көре алмайтын сияқтымыз.

Бірнеше жылдан бері ауылда әйтеуір көше қазылып, су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатқанға ұқсайды. Бірақ жылда ол жұмыстар тиянақсыз қалады. Халық осыған қапалы. Ал енді мәдениет үйі және басқа да мәселелер туралы әкімдердің есеп беру жиналыстарында жылда айтылғанмен, нақты нәтиже, оң өзгеріс жоқ.

Секен Тұрлыұлы, Шолпан ауылының тұрғыны:

– Өткен Зейнулдин 3 жыл қатар уәде берген, «мен бөлдіремін, осы Шолпанға мәдениет үйін салдырамын» деп. Ол сол бойы аяқсыз қалды. Енді жаңа әкім келді, бұл кісімен әлі сөйлескен жоқпыз. Мәдениет үйі өте қажет нәрсе. Осы мәдениет үйі мен 3 шақырым жолды ешкім бақылау жасамайды, қарамайды.

Сенбі Нүркенов, Шолпан ауылының тұрғыны:

– Біздің ауылдың әкімі ол ауданда тұрады. Ауданда тұрған әкім ол демалыс сайын үйіне қайтып отырады. Дала өртенеді, ауылда электр желілерінің бәрі ескірген, содан өрт шығып жатыр, ауыл әкімінің не өрт сөндіретін көлігі жоқ. Міне, масқараны қараңыз. Ол Таскескенде бар, келіп мына жақтан су толтырып алғанша жанатын нәрсе жанып кетеді. Жол ашатын техника жоқ, ауылда кәсіпкер жігіттер өздері техника шығарып, ескі 40 жылғы ДТ-мен тазалап беріп жүр. Сондықтан ауыл әкімі біздің ауылда тұруы керек. Әкім болғаннан кейін халқына жақын болуы керек.

Ал аудан әкіміндегілер ауызсу тарту жобасы 2017 жылы жасалып, оған республикалық бюджеттен 435 миллион теңге бөлінгенін айтады. Алайда тендерді ұтып алған компания 2018 жылы жұмыстарды бастағанымен, сот шешімімен жоба тоқтатылған.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Былтырғы жылы мердігердің құжаттары дұрыс болмауына байланысты сот қайта болып, конкурс арқылы жаңа мердігер пайда болып, сол жұмыс атқаруда. Республикалық бюджеттен қазір қосымша тағы 75 миллион қаражат сұрап отырмыз. Сол қаражат шешіліп берілетін сияқты, енді жалпы су құбырын келесі жылдың бірінші жартысында береміз бе деген жоспарымыз бар, қыркүйек айына дейін беріп, халықты ауызсу мәселесін шешіп беруге жұмыс атқарып жатырмыз.

Атқамінерлердің айтуынша, мәдениет үйін қаражат тапшылығына байланысты жаңадан салу қиындық тудырады. Сондықтан мәселені өзгеше жолмен шешу қарастырылған.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Ауылда бір мемлекетке сатамын деп отырған ғимараттар болған жағдайда мемлекет сатып алып, ремонт жасаған тиімді бола ма деген жоспарымыз бар. Тез шешіледі, әйтпесе жобалық-сметалық құжаттама, оның қаржысы да көп болады. Енді келесі жылға үш  шақырым жол жасауымыз керек, жол картасы бағдарламасына кіргізіп отырмыз.

Осылайша тағы да уәде берілді. Шолпан тұрғындары бұған да сенеміз, ер мойынында қыл арқан шірімес деп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы