425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жітіқара ауданында провизорлық стационар ашу жоспарланды

  • 121
  • UPD: 13:29, 02.11.2020

Қостанай облысындағы Жітіқара ауданы коронавирустың екінші толқынына дайындықты пысықтауда.

Қазір мұнда карантиндік стационар мен инфекциялық бөлімнің жұмысы жанданған. Бірақ дәрігер тапшы. «Егер мәселе жақын арада ретке келтірілмесе, онда өңірдің эпидемиологиялық ахуал асқынады», – деп алаңдайды медицина саласының мамандары.

Облыста алғашқы коронавирус инфекциясы Жітіқарада тіркелген. Індеттен көз жұмған алғашқы адам да осы өңірдің тұрғыны еді. Қазір мұндағы эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталды. «Сақтансаң, сақтайды» демекші Ресеймен шекарада санитарлық бекет қойылды. Ал қалада қосымша стационар ашу жоспарланған.

Зүлфия Орманова, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір азғантай өсім байқалады. Мысалы, жаздыгүні күнделікті өсім 0,3% болса, қазіргі көрсеткіш 1%-тен асады. Инфекциялық бөлімді 20 орынға ұлғайттық. Алдағы уақытта провизорлық госпиталь ашуды көздейміз.

Қазан айында бастауыш сыныптағы 8 жітіқаралық оқушыдан коронавирус расталған. Науқас балалардың басым бөлігі – 12-мектептегі кезекші топтағылар. Осыған орай білім ордасы карантинге жабылыпты.

Майра Бимағамбетова, Жітіқара ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Балалардың індет жұқтыруы 4 қазаннан басталды. Аталған мектептегі 1-11 сынып оқушылары қашықтан білім алады. Енді оны 5 қарашаға дейін карантинге жаптық. Барлық оқушы мен мұғалім медициналық тексерістен өтуі тиіс. Содан кейін ғана қалыпты режимге ораламыз.

Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарымен дәріханалар жеткілікті көлемде қамтылған. Екі айға жететіндей қор жасақталыпты. Ал медицина мамандары тапшы.

Артур Галеев, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Кейбір бөлімде жалғыз дәрігерден кездесіп жатады. Егер сол маман ауырып қалатын болса, оны ешкім алмастыра алмайды. Орта буындағы мамандар жетіспейді. Стационар тәулік бойы жұмыс істейді. Оған да қызметкерлер қажет. Қосымша инфекциялық бөлімді ашсақ, аурухана емдеушілерсіз қалуы мүмкін.

Маман жетіспеушілігін аурухана тез арада шешуге тырысады. Дәрігерлер үстемақы және баспанамен ынталандырылатыны белгілі. Алайда ауданда еңбек еткісі келетіндер аз. Соңғы жылдары Жітіқараға 9 дәрігер келген. Қазір аудан жалпы саны 15 маманға зәру.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы