423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қазпоштаға» сенген жұрт сәлемдемесін сарғая күтіп отыр

  • 161
  • UPD: 00:27, 03.11.2020

Хабарлама да жоқ, сәлемдеме де жоқ. «Қазпошта» қызметіне сенгендер екі айдан бері асыға күткен сәлемдемесін уақытылы ала алмай сергелдеңге түсті. Бұған компанияның жаңашылдыққа бет бұрып, смс хабарламаларды тоқтатқаны себеп болған. Көпке үйреншікті бұл қызметтен компания не себепті бас тартты? 

Елордалық Айгүл Оралбекова қызының туған күніне қымбат косметикалық бұйым сыйламақ болған. Онлайн дүкен арқылы бұйымға тапсырыс беріп, сәлемдемені үш аптадай күтеді. Алайда Алматыдан алдыртқан заты сол күйі өзіне жетпеді. 

Айгүл Оралбекова, қала тұрғыны: 

- Мен сол хабарламаны күтіп отырдым. Бірақ хабарлама болмады. Енді болмағаннан кейін мен сатушыға хабарластым компанияға. Олар айтады: біз уже жібергенбіз, заказдың номері мынадай деп. И трек бойынша мен іздей бастағанда уже білдім. «Казпошта» ешқандай сообщение жібермей, заказды сатушыға қайтадан обратно жіберіп қойғанын. Ал ол менің негізі күтіп отырған заказым болатын.

Тапсырыс берген затына қол жеткізе алмаған тек Айгүл ғана емес әрине. Сөйтсе, цифрландыруға ден қойған компания хабарландыру қызметін өзінің сайты мен телеграм бот арқылы іске асырмақ болған екен. Осылайша смс хабарландыруды қыркүйектің бірінен бастап тоқтатқан. Алайда бір жарым айда бұл бастама өзін өзі ақтамады. Ақырында тұрғындардың шағымы көбейген соң компания смс хабарландыруды қайта іске қосты.

Бек Арпабаев, «Қазпошта» АҚ электронды коммерция департаментінің басшысы:

- Бір жарым айдың ішінде қанша шағым түсіп үлгірді?

– Бізге 1419 колл орталыққа мысалы, былтыр тоғыз айда 3 хабарлама болса, смс жағдайы бойынша хабарласқан. Қазір тоғыз айлықта бізге сегіз адамнан ғана осындай шағым түсті.

– Бірақ фейсбукты оқығанда, ол жерде сегіз емес, сексен болуы мүмкін ғой?

– Фейсбук бойынша интернет арқылы қазір халықтың жазып жатқанын бәрін қарап отырмыз. Оның бәрін қарап, анализ жасап біз осындай шешімге қайта келдік. 25 қазаннан бастап смс-ты қайтадан қайтардық.

Ия, «Қазпошта» қызметіне көңілі толмағандар әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер қалдыруда. Сәлемдеменің қай жерде келе жатқанын білмей дал болғандар ақпараттық жүйенің әлсіздігіне налиды. Бұған компания жалдаған аутсорсинг кінәлі деп топшылайтындар бар. 

Бек Арпабаев, «Қазпошта» АҚ электронды коммерция департаментінің басшысы:

- Әрине кейбір кездерде, кейбір жол бойынша жеткізетін посылкалардың саны көбейгенде сырттан тағы да компаниялар жалдаймыз. Бірақ жалпы айтып кетейін дегенім, біз бүкіл өзіміздің инфраструктурамызда өзіміздің көлігімізбен өзіміз жеткіземіз.

Бір сөзбен айтқанда, тонналаған сәлемдемені жер-жерге жеткізу үшін «Қазпошта» аутсорсинг компаниялардың көліктерін жалдайды. Оның өзінде бірен-саран жағдайда, яғни компанияның өз күші жетпей жатқанда тартылады. Бірақ сәлемдемені жіктеу мен хабарландыру пошта қызметкерлерінің жұмысы. Сондықтан қандай да бір арыз-шағым болса, компанияның өзіне хабарласуға болады екен.

Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы