424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-дағы бірнеше ауылда мектеп ғимараттары аукцион арқылы сатылымға шығарылды

  • 145
  • UPD: 22:12, 04.11.2020

Бәссауда шарты бойынша олардың ең төменгі бағасы – 1 теңге, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аталған елді мекендерде оқитын бала жоқ. Ауылдағы ағайынға қажетті жағдай жасалмаған соң, тұрғындар да туған жерлерін тастап кетіп жатыр.

Қираған үйлер, шөп басып қалған көшелер. Бұл –Рождественка ауылы. Бұрындары дүркіреп тұрған елді мекенде халық мал бағып, егіншілікпен айналысқан еді. 200-ден астам үйдің қазір тек 10-ы ғана қалған. Тұрғындардың туған жерін тастап кетулеріне тұрақты жұмыстың жоқтығы себеп болып отыр.  

Василий Воскобой, Рождественка ауылының тұрғыны:

– Үлкен ауыл болған еді. Қазір біздің көшеде үш-ақ үй ғана қалды. Халыққа жағдай жасалмаған соң, бәрі кетіп жатыр. Мектебіміз қандай еді? Шағын орталық та жұмыс істеген болатын.

Иә, мұндағы мектеп осыдан 3-4 жыл бұрын жабылып қалған. Екі қабаттан тұратын әлеуметтік нысан қазір сатылымға шығарылды. 9,4 миллион теңгеге бағаланып отыр. Бос тұрған ғимаратты Татьяна Усова күзетеді.

Татьяна Усова, күзетші:

– Мектеп күзетілмесе, бір-ақ күнде бұзып тастар еді. Қазір есігі құлыптаулы. Баяғыда осы жерде балаларымыз оқыған. Тіпті медициналық пункте болған еді. Қазір міне, бәрі қаңырап бос тұр.

Мектеп жабылған соң, ауылдар да құрып жатыр. Мәселен, тек бір ғана Жамбыл ауданында үш бірдей білім ошағы аукцион арқылы сатылмақшы.

Бауыржан Молдағалиев, Жамбыл аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

– Ақбалықта бірде бір адам қалмады.Үлгі ауылында мектепке баратын бала жоқ. Рождественкада да дәл осындай жағдай. Қазір үш ғимаратты бағалап, аукционға шығардық. Егер алатын ешкім болмаса, біз олардың құнын 50 процентке дейін төмендетеміз.

Мектеп жабылған ауылдарда қазір зейнет жасындағылар ғана тұрады. Қалғандары жанға жайлы жер іздеп өзге елді мекендерге көшіп кеткен. Жалпы білім басқармасының мәліметі бойынша соңғы 10 жылда өңірде 145 білім ошағы жабылып қалған екен.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы