420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жайылымдық жер қалмай барады – Ақтоған ауылының тұрғындары

  • 126
  • UPD: 23:01, 04.11.2020

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ақтоған ауылының тұрғындары жайылым мен шабындық жер қалмай барады деп алаңдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені шұрайлы жерлердің барлығын қалталы кәсіпкерлер сатып алған дейді тұрғындар.

Ақтоғандықтардың түн ұйқысын бұзған – осы қазықтар. Елді мекен маңында мал жайып, шөп шабатын жер онсыз да көп емес. Енді осыдан айырылсақ қайтып жан бағамыз дейді олар. Ауыл халқы ортақ пайдалануға тиесілі жерге кімнің көзі түскенін болжап отыр.  

Орынтай Қашқынбаев, Ақтоған ауылының тұрғыны:

– Мына жерде 300 пәленбай гектар жер, аяғында 550 гектар жерді жаңағы Шелектегі бір кәсіпкер алып отыр. Мына біздің өзіміздің жан бағып отырған жеріміз. Осы малмен өмір сүріп отырғаннан кейін шабысымыз да осы, мал жайылымымыз да осы.

Наурызбай Божбанов, Ақтоған ауылының тұрғыны:

– Біздің келісімімізсіз халықпен, тұрғындармен ешкім есептеспейді. Әйтеуір қалталы азаматтар 1000 гектарлап, 500 гектарлап алып, жан-жақты бітіріп, ішке қарай кіріп келе жатыр. Мал жаятын жер жоқ.

Ақтоған ауылына ортақ пайдалануға деп кезінде 334 гектар жер бөлінген екен. Тұрғындар бұл өте аз дейді. Оның өзінің әлі күнге дейін мемлекетік актісі жасалмаған. Ауылдық округтің әкімі де, жер қатынастары бөлімінің басшылығы да қазықты кім қаққанын білмейміз деп құтылды. 

Ерік Рахымбаев, Қаражота ауылдық округінің әкімі:

– Бұл кісілерден жұма күні өтініш түскен. Отыз адам қол қойған екен. Мен барып картаны апарып көрдім. шынымен қазық қағылған. Кім қақты? мен хабардар емеспін.

Нұрбек Сәрсенбеков, Еңбекшіқазақ ауданы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– Қазығын қағатын адам көп. Біреулер қағып кеткен шығар. Ол өтірік әңгіме. Ондай жерлер ешкімге берілмейді. Ауылдың маңайындағы жерлердің барлығын жаңағындай аудандық комиссияда қаралып, оны әр әкімдікке табыстап беріп жатырмыз. Ортақ пайдалануға халықтық игілігі үшін.

Біздің түсірілімнен кейін ақтоғандықтар жер қатынастары бөліміне арыздарын өткізіпті. Бөлім жетекшісі мәселені анықтап, ортақ пайдалануға арналған жер көлемін 900 гектарға дейін жеткізіп береміз деп уәде берді дейді Ақтоған ауылының тұрғындары.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы