425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұрланған мал. «Дәрменсіз» полиция. ШҚО тұрғындары «Хабар 24»-тен көмек сұрады

  • 411
  • UPD: 22:39, 05.11.2020

Шығыста мал ұрлығы тыйылмай тұр. Ұлан ауданындағы бір шаруашылықтан жазда ірілі-ұсағы бар 185 бас мал қолды болған.

Аудан тұрғындарының айтуынша, аймақтағы полиция қызметкерлерінің ұрыларды іздеп, қылмысты ашуға дәрмені жоқ. Тіпті соңғы кезде ұрылар шаруларға қоқан-лоққы көрсете бастаған. Мал қорасымен қосып қысқа жинаған шөбін де өртеп жіберген. Амалы таусылған халық біздің арнаға хабарласып, көмек сұрады. 

Ақжартас бұрын төрт түлігі түлеген ауыл еді. Қазір жүдеген. Тек мал өсіріп отырған 4-5 отбасы ғана қалған. Ержан Сәбитов 5 жыл бұрын мал басын көбейтуді  бастайды. Тынымсыз тірліктің арқасында ірі қараны 200-ге, қойдың санын 500-ге жеткізген.  Жылқы да екі үйір болған. Алайда соңғы жылдары шаруадан маза кетті. Былтыр ұрылар  26 жылқысын, ал осы жазда бір қора қой мен сиырын алып кетіпті.

Ержан Сәбитов, шаруашылық жетекшісі:

- Қазанның үшінен 4-іне қараған түні 11 бас кетті ғой сиырдан. Есік алдынан алып кетті. 11 бас сол күйі жоқ, із түзсіз. Қойды міне тамызда әкетті. 90 бас қыркүйектің ішінде 58 бас әкетті. Күдіктенетін адамдар баяғыда ұрлаған. Үш басты ұрлап, ұсталып, сол полициядан шығып кетті әйтеуір. Сотқа дейін жетпеді. Полицияға айтсам прокуратурадан жібермей қойды дейді, білмеймін.

Ақжартастағы айналдырған 3-4 үйдің жылына аз дегенде  1-2 бас малы ұрланады. Сондықтан кейбір отбасылар басқа жаққа көшуге де мәжбүр болған. Ал  қалған  отбасылар қазір күндіз-түні малдың қасында болады.    

Олжас Керейхан, тілші:

- Шаруалардың айтуынша. малды негізінен күзде ұрлайды. Ұрылардың басынғаны соншалық күндіз өрістен, түнде қорадан әкетеді. Сондықтан малшылар жыл он екі ай, аттан түспей көзден таса қылмай бағады. Ал бақпасаң мал кетеді.

Кеткен малдың есебін шығарып, құзырлы органдардың табалдарығын тоздырып жүрген басқа шаруашылық иелері де бар. Олар тіпті полиция қызметкерлеріне де сенімдері сетіней бастапты. Өйткені мал ашуы – жан ашуы.

Дәлелхан Сейітәшімұлы, шаруашылық жетекшісі:

- Ұрлықтың түбінде біреу отыр. Әйтпесе мұндай нәрсені ұрлай алмайды.  Жылда  бізден әкетеді. Ұрылардың ұсталатыны 1-2 бас ұрлағандар ұсталады. Бізден шаруашылықтан әкететіндер 10-нан, 5-тен әкетеді. Олар ұсталмайды.

Ұрыны ұстау үшін шаруалар құзырлы органдарды жағалап жүргенде оларға қоқан-лоққы көрсеткен біреулер шөбін өртеп жіберген. Бес күн бұрын жанған шөп әлі тұтап жатыр. 

- 31 күні таңғы сағат 4-те осы арадан басталған. Көршілер бар келіп, мына 46 рулонды итерген. Жаздайғы еңбек міне тыртыңдап жинаған міне 2-3 сағаттың ішінде. Білмеймін енді қалай малды қыстан алып шығамыз.

Малын қыстан шығара алмасын білген шаруа қалғанын сатуға мәжбүр. Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы ұрлықтың үдеп тұрғанын мойындады. Ержан Сәбитовтың арызы бойныша күдіктінің бар екенін де жасырмады.

Нұркен Көпжасаров, Ұлан аудандық полиция бөлімінің бастығы: 

- Бүгінгі күні мал ұрлығы бар. Мал ұрлығымен ол кісі де ұрланған үш дерек бар. Үш деректің бір дерегі тергеуде. Осы айдың аяғына дейін сотқа жіберуге тырысамыз. Қалғандарымен тергеу іс әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті адамдар бар.

Жыл басынан бері Ұлан ауданында мал ұрлығы бойынша 32 қылмыс тіркелсе, бүгінге дейін тең жартысы ғана ашылған. Қалғаны бойынша әлі тергеу-тексеру жүріп жатыр.

Авторлар: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы