423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы ауыл сегіз жыл бойы жарықсыз отыр

  • 131
  • UPD: 21:56, 06.11.2020

Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында бір көшенің тұрғындары 8 жыл бойы жарықсыз отырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар сабақ оқи алмай қиналыпты. Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті билік уақытша бағандар орнатып, шағын трансформатор қойған.

Бұл жерге сырттан көшіп келген қандастарымыз қоныс тепкен. Көпбалалы отбасы көп. Тырбанып, тірлік жасап, күн көріп жатыр. Алды 8 жыл бұрын үй салып алған. Ал электр жарығының игілігін жақында көре бастады. Оның өзін уақытша қосып берген. Көкөністі базардан сатып алмай, бау-бақша салғысы келетіндер көп.

Ерлан Сейітақынұлы, ауыл тұрғыны:

– Біз талай рет арыз да түсіріп көрдік. Бірақ әкімшілік тарапынан әлі ешкім жұмыс жасамайды. Бақша салу керек еді. Су жоқ. Бәрі қоршалып дайын болмай жатыр. Үкімет көмектесіп жол салып, су құбырын тартып берсе екен дейміз.

Өркениеттің игілігінен жұрдай ауылда балаларға қиын болды. Екі ай бойы жарытып сабақ оқи алмаған. Себебі электр қуаты болмады. Құдықтың ащы суын ішетін халықтың саулығы туралы айту да қиын. Тұрғындар проблемаларын айтып, жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырған.

Зибира Тұшан, ауыл тұрғыны:

– Қазір жол жоқ. Қай жатқан өтерімізді ұқпай отырмыз. Балалар әбден қиналды. Не жол жоқ, не су жоқ. Жарық келгелі 2-3 күн болды. Балалар екі айдан бері қиналып, оқи алмай қалды.

Қанатбек Молдақ, ауыл тұрғыны:

– 2016 жылы үй салдық. Үй салу барысында бізде жарық болмады. Үйдің материалын тасығанда жол болмады. Алты баламыз бар. Көпбалалы отбасымыз. Газды тартып беру ақысы естуімізше 1 млн теңгені құрайды. Біз ондай ақшаны төлей алмаймыз. 300-350 мың болса, бөліп төлей алар едік. Өйткені жұмыссыз отбасымыз.

Инфрақұрылымы жоқ ауданда кәсіпкерлікті дамыту да мүмкін емес. Қызмет көрсету орындары жоқ. Шелектің шеткі ауданы болған соң, азын-аулақ мал ұстағысы келетіндер бар. Оған да мүмкіндік болмай отыр. Ауыл әкімінің сөзінен байқағанымыз: біраз іс құжат түрінде атқарылып жатыр.

Сәкен Әбдіқалиев, Шелек ауылдық округінің әкімі:

– Ол мәселе бойынша тек құжаттар әзірленді. Қазір жобалық институт жолды жасауға жобалық-сметалық құжаттарды жасап жатыр. Келесі жылы сол көшелерге асфальт салынады. Бірінші инфрақұрылымын жасаймыз. Содан соң асфальт салуға көшеміз. Су мәселесі бойынша келесі жылға өтінім жібердік.

Келесі жылы жол салынады. Одан соң су келеді. 8 жыл шыдаған тұрғындарға тағы сабыр тіледік.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы