424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аралды сақтап қалу бойынша «САРАТС 2» жобасы қолға алынды

  • 109
Аралды сақтап қалу бойынша «САРАТС 2» жобасы қолға алынды

Кіші Аралдан бір-ақ сәтте айырылып қалуымыз мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар: «бөгетті шегендеу жұмыстарын дереу бастау қажет», – дейді. Көкаралдың жайынан сала басшылары хабардар. Дегенмен экологиялық әрі экономикалық маңызды құрылыс неге басталмай жатыр? Талай жыл күткен «САРАТС-2» жобасының жайы не болмақ? Тілшіміз Нұрлан Жақыпбеков осы сауалдарға жауап іздеді. 

Зауалхан Ермаханов 50 жылдан бері балық шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. 30 жылдан астам уақыт Арал ауданындағы ғылыми-зерттеу институтының бөлімшесін басқарған. Тәжірибесі мол майталман маман Көкаралдың бүгінгі жайына алаңдайды. Кіші теңізді ұстап тұрған бөгеттің беріктігі сыр бере бастаған.

Зауалхан Ермаханов, балық шаруашылығы саласының ардагері:

– Енді оны тездетіп жөндемесе, бізге кіші Арал теңізінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Арал ауданының 60%-і осы теңіздің арқасында тіршілік етіп отыр. Қазір теңізде 2 мыңға жуық балықшы балық аулайды. 10 шақты зауыт бар. Олар бүгінде балықтарлды қабылдап, шетелге экспортқа шығарып отыр. Егер қазір қолға алмасақ, олардың барлық жұмысы тоқтайды.

Мамандар осыдан 15 жыл бұрын айтулы бөгетті салу кезінде жергілікті жағажай топырағы пайдаланылғанын айтады. Оның үстіне су жайылған аумақтарды ну қамыс басып, Сырдарияның бастапқы арнасы да өзгерген. Соның салдарынан 15 шақырымдық бөгеттің 300 метрдей жерін су үңгіп тастаған.

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

– Қазіргі таңда геология, табиғи ресурстар минстрлігінде 100 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп, қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Бұл, әрине, Үкіметтің де, облыс басшылығының да үлкен бақылауында тұрған нысан және үлкен жұмыстар.

Теңізді байырғы арнасына оралтып, Арал қаласына бір шақырым жерге дейін жақындатады деген «САРАТС-2» жобасына қаржы тарту рәсімдері де созылып кеткен. Сондықтан екінші фазаның 4 компоненті мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылмақ. Ал Дүниежүзілік банк есебінен құны 190 млн тг болатын 3 компонентті іске асыру көзделген.

Бауыржан Оспанов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы бүгінгі күні Дүниежүзілік банк жобаның техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге қатысты жұмыс жасауда. Дүниежүзілік банк тарапынан грант бөлу қазір қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда ҚР Экология, геология және табиғи ресрустар министрлігі осыған ұқсас жобаларды әзірлеуге мамандандырылған халықаралық компанияларды іріктеу бойынша жұмыстарын атқарып жатыр.

Арал аймағы үшін экологиялық маңызды құрылыс аясында Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекені тұсында Сырдария өзені үстінен автомобиль көпірі салынбақ. Сондай-ақ апатты жағдайда тұрған Қызылорда су торабы қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек қорғаныс бөгеттерін нығайту, Сырдария өзенінің арнасын түзету мәселелері де қамтылған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы