422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық кәсіпкер тендердің әділ өткенін қалайды

  • 103
  • UPD: 10:50, 11.11.2020

Ақтаулық кәсіпкер көмек сұрап редакциямызға хабарласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, биылғы жазда қала әкімдігі шағын аудан ішілік жолдарды жөндеуге тендер өткізген. Оның қорытындысымен мемлекет қаржысы іскер әйел басқаратын серіктестікке емес, басқа компанияның шотына аударылады. Жеңіліп қалған тарап тендердің әділ өткеніне күмәнданып отыр. Оған заңсыз қатысты делінген мердігер мекеме жұмыстың 80% атқарып та қойған. Тілшіміз Талғат Исламұлы мәселенің мән-жайын зерттеп көрген еді

Дана Нұралиева басқаратын компания соңғы 10 жыл жол құрылысымен айналысып келеді. Биыл 27-нші шағын ауданның күтіміне арналған мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысады. Алайда 600 млн теңгеге жуық бюджет қаражаты басқа серіктестікке бұйырған. Іскер әйел әлгі мердігердің тендерге қатысуын мүлдем заңсыз деп санайды. Осы пікірін сот алдында дәлелдеп жүргеніне 5 айдан асқан.

Дана Нұралиева, кәсіпкер:

– Біріншіден, бұл тендерді заңсыз ойнатылған деп білеміз. Жеңімпаз деп танылған компанияның оған қатысуға құқы жоқ. Бұған тіптен өңірлік Мемлекеттік аудит департаментінің, қалалық экономикалық соттың шешімі де кедергі бола алмады. Нәтижесінде 583 млн-дай мемлекет ақшасы әлгі мердігер мекеменің шотына аударылып қойды.

Даулы тендерді өткізген қала әкімдігіне жүгіндік. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер экономикалық соттың шешіміне аппелициялық шағым жолдағандарын айтып отыр. Өз кезегінде облыстық соттың бірінші сатыдағы шешімін өзгеріссіз қалдырғанын да айта кетейік. Мұнда мемлекеттік мекеме мен мердігер арасындағы келісім іске жарамсыз деп көрсетілген. Ал тендердің жеңімпазы өзіне тапсырылған жұмыстарды аяқтап қалыпты.

Алпысбай Таубаев, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының м. а.:

– Мамыр айында конкурс өткізілді. Қорытындысын заңсыз деп тану жөнінде «Ынта» ЖШС-і сотқа талап қойды. Бірінші сатыдағы сот бұл талапты ішінара қанағаттандырды. Келісімшартты бұзу бойынша талабын қанағаттандырды. Ал екінші бөлігі қанағаттандырусыз қалды. Келісімшарт бұзылғаннан кейін екінші жеңімпаз деп «Ынта» ЖШС-ін танылды. Бұл шешіммен біздің мекеме және басқа да мердігерлер келіспей, аппеляциялық сот алқасына шағым түсірген болатын. Қазіргі таңда қаралды. Бірінші сатыдағы соттың шешімі солай қалдырылды. Біз бұл шешіммен келіспей, әрі қарай кассациялық сотқа жүгінетін боламыз.

Биыл 27-нші шағын аудан ішін қалпына келтіруге мемлекеттен 665 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 500 млн-нан астамы жеке компания шотына түсіп те қойған. Қалғаны енді аударылады. Мердігер қызметіне тапсырыс берген қала әкімдігінің бөлімі атқарылған жұмыстарды желтоқсан айында қабылдап алуы тиіс. Ал қарсы тараптың сот процесі толық аяқталғанын күтуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы