424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ретро-мурал пайда болды

  • 84
  • UPD: 12:38, 11.11.2020

Қаланың ескі келбетін еске салатын өнер туындысының ұзындығы – 150 метр, биіктігі – 4 метр.

Суретшілер кеңістікті бірнеше кескінмен ұштастырып, әр бөлшекке мағына беруге тырысқан. Ерекше туындымен біздің түсіру тобымыз да танысып қайтты.

Ретро-мурал Егізбаев көшесіндегі ескі автопарктің қоршауына салынған. Алып графити 80-жылдардағы Алматының тіршілігін еске салады. Асқақ Алатау, «Қазақстан» қонақүйі, бостандыққа ұмтылған бүркіт, алматылықтар ұмыта бастаған Ikarus автобусы мен атақты Медеу мұз айдыны көрініс тапқан. Ал тағдыры Алматымен тығыз байланысты әнші Виктор Цойды бейнелеу жоспарда болмаған.

Дидар Сатпаев, суретші:

– Цойдың портретін салу идеясы жұмыс барысында туындады. Алғашқы эскизде ол болмаған. Бірақ ойласа келе көпшіліктің сүйікті әншісін Алматыдан бөліп қарауға болмайды деп шештік. Интернеттен бұрын жарияланбаған портретін таптық. Бұл – оның образының бір бөлшегі. Мұңды көзі еріксіз назар аудартады.

Графитиді салуға екі апта уақыт кеткен. «Суретшілер әр кескінге мұқият мән беріп, муралдың мағынасын кеңейтуге күш салдық», – дейді. Суретшілер бұл қоршауды ерекше етіп әрлеуді бұрыннан көздеп жүрген. Арада 10 жыл өткенде келісімге қол жеткізіп, ойларын жүзеге асырыпты. Алайда ескі қоршауға сурет салу оңай болмаған. Дегенмен қоршаудың тозған тұстары, суретпен шебер астасқан.

Владислав Вдовин, суретші:

– Ең қиыны: қоршау әбден тозған. Біраз жерлері үгіліп, құлайын деп тұр. Бірақ ондай жерлерді картинамен білдірмей жіберуге тырыстық.

Бір өкініштісі, бұл ретро-мурал ұзақ тұрмайды. Автопарк аумағына салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы бітсе, қоршауды сүріп тастайды.

Владислав Вдовин, суретші:

– Қоршау шамамен екі жыл тұрады. Себебі бұл жер құрылыс компаниясының иелігінде. Әрине, өкінішті. Себебі өте сапалы бояулармен салдық. Сондықтан картина ұзақ сақталар еді. Бірақ бұл өнер түрінің ерекшелігі сонда. Муралдар көбіне фотосуретте сақталып, тарихта қалады.

Сұп-сұр қоршауға сән беріп, Алматының бір кездегі жылылығын сездіретін суреттер тұрғындарға да ұнапты.

Нүрила Меркібекқызы, қала тұрғыны:

– Керемет салынған. Керемет көрініс. Әрі-бері өткенде таңғалып, таңырқап өтемін. Негізі бәрі шынайы салынған. Автобустың өзі қандай керемет. Бағалаймын.

Ботагөз Нұрдәулет, қала тұрғыны:

– Осындай суреттер салына берсе, елімізді басқа жағынан таниды деп ойлаймын. Мұның бәрі әлеуметтік желіге салынады. Сол жерден бізде осындай таланатты жастар бар екенін ел де біле бастайды.

Тұтас қоршауды алып жатқан муралды салуға 200 құты бояу кеткен.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы