422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөздіктер биыл тоңбай ма?

  • 83
  • UPD: 09:30, 12.11.2020

Өткен жылдары 40 мыңға жуық халқы бар Аягөз қаласының көпқабатты үй тұрғындары қыста тоңып шыққан болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаз айларында қазандықтар мен құбырлар күрделі жөндеуден өтіп, оған мемлекет қазынасынан 550 миллион теңгеден артық қаражат бөлінді. Бұрын жылуға жарымай, пәтерлеріне пеш қойып алған аягөздіктер де қазір біртіндеп қайтадан орталық жүйеге қосылып жатыр.

Аягөз қаласында 6 қазандық бар. Олардың ең үлкені – орталықтағы мына нысан. 50-ден астам көпқабатты үй мен 10-нан астам әлеуметтік нысан осы жерден жылу алады. 2 жыл бұрын жарты ғасырлық тарихы бар көне ғимараттың құрал-жабдықтары қатты аязда сыр беріп, көпқабатты тұрғын үйлердің біразы жылусыз қалған. Содан бері мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бумен жылыту жүйесі су қыздыру қазандықтарына ауыстырылды.

Медет Тәтенов, Аягөз аудандық ТКШ бөлімі құрылыс секторының меңгерушісі:

– Жылу жүйелері ауыстырылды, яғни 11 жарым шақырым жүйесін ауыстырдық. Жұмыспен қамтудың жолк артасы бағдарламасы арқылы шамамен 420 миллион қаражат кетті. Жылу маусымына толықтай барлық қазандық уақтылы кірді, қазір жылу беріліп тұр. Үйлер жылы.

Үйіндегі пешін бұзып, орталық жылу жүйесіне қосылып алған тұрғындардың бірі – Торғауыт Қойшыманов. Ақсақал бұрынғыдай 2-қабатқа көмір тасып, күл шығару машақатынан құтылдық деп қуануда. Тіпті көршілерімен бірігіп, жылу есептегіш құралын да қойып алыпты.

Торғауыт Қойшыманов, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Автономды өз үйіме пеш орнатып қойып, өз үйіме 5 тонна көмір түсіріп алам да, 20 жылдай пеш жағып, сонымен жылу ұстап отырдық. Трассадан қазып, бір жаздың ішінде құбыр орнатып, үйдің алдына кіргізіп берді. Үйдің іші 24-25 градусқа дейін барып тұр. Қазір ауа райы жылы, енді аязда көреміз. Аягөздің аязы қатты болады.

Алайда тұрғындардың бәрі Торғауыт ақсақалдай пешін бұзып тастаған жоқ. Орталық жылу жүйесіне қосылса да, әлі де күдікпен қарап отырғандар да жоқ емес. Олар алдағы қыста жылу сапасын тексеріп көрмекші.

Маржан Кемелханова, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Былтыр салқын болды, мүлдем жылу болған жоқ. Бұрын от жағатынбыз, енді пештің бәрін алып тастасақ, жылу болғаны жақсы ғой. Мен алған жоқпын, кейбіреулер алып тастады, әзірге менде пеш тұр. Бұзған жоқпыз, биылша көремін тағы, биыл жақсы болса, бұзып тастаймыз.

Бейбіт Мәкенов, орталық жылу қазандығының меңгерушісі:

- Мамыр айының 17 жұлдызында техникалық шарт алу жөнінде «Аягөз жаңалықтары» газетіне берілді. Бірақ өкінішке орай, ол кезде ешкім келіп алмады. Техникалық шарт алғанмен де, онымен жасамай отыр, өздерінің білгендерімен тартқан. Қазір жылу жаман емес, негізі жүріп тұр. Бірақ басқа жүйемен тартса, жылу бұдан да жақсы болар еді, шығын да аз болар еді.

Ендігі мәселе – көптеген тұрғын үйде әлі күнге басқарушы мекеме жоқ. Пәтер иелері кооперативтері құрылмаған. Ал орталық қазандық қанша сапалы жылу бергенмен, үйдің ішкі жүйелерінде ақау болса, ол да мәселені ушықтыра түспек. Сондықтан белсенді тұрғындар енді осындай ұйым құрып алудың қамында жүр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы