422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Біздегілер шикізат күйінде сатып, пайдасының бәрі шетке кетіп жатыр – Мақта өсіруші

  • 94
  • UPD: 20:47, 14.11.2020

Түркістан облысында мақта алқабы азайды. Бұл егістікті әртараптандыру мақсатында жасалып отыр. Мәселен, биылғы жылы өңірдегі «ақ алтынның» көлемі 5 мың гектарға қысқартылған. Оның орнына шаруалар көкөніс пен астық егуді мықтап қолға алды.

Мамандардың айтуынша, мұның нәтижесінде мақтаның бағасы өсіп, сапасы артады.

Мақта еліміз бойынша тек Түркістан облысында ғана өсіріледі. Қазір күзгі жиын-терім аяқталуға жақын. Бүгінге дейін диқандар 300 мың тонна «ақ алтынды» қамбаға құйып үлгерген. Бұл биылға жоспарланған жалпы өнімнің 90 процентін құрайды. Өнімділік те артқан. Мысалы, Түркістан қаласының маңындағы мына шаруа қожалығы биыл әр гектардан 35 центнерден шитті мақта жинауда. Мұнда тәжірибеге басымдық беріледі.

Хабибулла Азимов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Өзіміз тұқым шаруашылығы болып тіркеліп, шаруаларға тұқым жеткізіп береміз. Биыл «Түркістан» сортынан 430 тоннаны 8 мың гектар жерге жеткізіп бердік. Бұл сорттың артықшылығы – оның мақтасынынң талшығы 4 сортқа жатады. Пісіп жетілуі 120 күн. Бұл сортты еккендер 40-45 центнерден өнім алып жатыр. Өзімізде мақтаны қайта өңдейтін текстиль фабрикаларын қолға алу керек. 1 килограмм мақтадан шығатын дайын киім біздің шикізатымыздан 10 есе қымбат. Біздегілер шикізат күйінде сатып, пайдасының бәрі шетке кетіп жатыр.

Биыл өңірде «ақ алтынның» 1 келісі 160 теңгеге бағаланды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30 теңгеге жоғары. Қазір диқандар мақтаны өңірдегі мақта өңдейтін зауыттарға өткізіп жатыр.  Айта кетейік, соңғы жылдары егістікті әртараптандыру мақсатында өңірдегі мақта алқаптарының көлемі қысқарды.

«Бірақ оның өнімділікке кері әсері жоқ. Көрсеткіштер тұрақты» дейді мамандар.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бір жылдың ішінде 5400 гектар жер мақта дақылы қысқарды. Оның тиімділігі – мақта бағасының көтерілуіне оң ықпал етті. Осы жерде мақта шаруашылығымен 15 мың агроқұрылым айналысса, ол жерде 125 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Облыс халқының әулеуметтік-экономикалық дамуына септігі тиетін болады. Биыл шаруаларға 76 мың тонна жанар-жағармай берілді. Нарықтағыдан 16 теңгеге арзан бағамен. 73 мың тонна минералды тыңайтқыштың 50 пайызы субцидияланады.

Айта кетейік, өткен жылы облыс шаруалары мақта бағасының арзан болуына байланысты шу көтеріп, мәселе министрлікке дейін жеткен еді. Биыл диқандар арасында ондай алаңдаушылық байқалмайды. Жалпы биыл өңірде Ордабасы мен Мақтаарал аудандары өнімділік бойынша көш бастап тұр. Бұл аудандарда 166 мақта қабылдау орны пен 18 мақта өңдейтін зауыт жұмыс істейді.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Самат Шағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы