422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда Заградовка ауылының жолын жөндеген мердігер ұйымға қатысты сот шешімі шықты

  • 72
  • UPD: 22:17, 16.11.2020

Енді серіктестік 580 мың теңге айып төлеп, сапасыз салынған жолды қалпына келтіруге тиіс. Бірақ компания мемлекеттік сатып алудан шеттетілген жоқ.

Заградовка ауылындағы жолдың «жыры» жылдың басында басталған. 6 шақырым қашықтықты жөндеуге бюджеттен 340 млн теңге бөлінді. Қаңтарда құжат бойынша орнатылған 50-ден астам белгінің жоқ екені белгілі болды.

Бұл Есіл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы – Қайрат Имантаев. Ол жол белгілері ұрланды деп, құқық қорғау органдарына арыз жазды. Бірақ олар таба алмады. Ауылда да көрдім деген тірі жан жоқ. Шенеунік аяқ асты айтқанынан айнып, жол белгілерінің болмағанын мойындады. Содан соң оның үстінен қылмыстың іс қозғалып, тергеу басталды. Бірақ ештеңе дәлелденбеді.      

Қазбек Марданов, ҚР СЖҚІҚА СҚО бойынша департаменті тергеу басқармасының бастығы:

– Бұл шешімді қабылдауға келесі жағдайлар негіз болды. Кәсіпкер аударылған ақшаға жол белгілеріне тапсырыс берген. Бірақ қыста орната алмай, кепілдік хат жіберді. Енді олар осы жылдың 31 мамырына дейін қойылады. Сондықтан шығын расталмады.

Жол белгілеріне қатысты тергеу аяқталғанша, қар еріп, көктем кетіп жаз келді. Қызықтың көкесі сонда басталды. Жөнделген жол жарылып, жаңа асфальт ойылып қалды.

Елдің наразылығын тудырған жол қабылданбады. Бір қызығы тапсырыс беруші Есіл аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімі 340 млн теңгені мердігер ұйымның шотына түгел аударылып қойған. Жолдың сапасыз салынғанын сарапшылар да растады. 

Марат Дарбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ зертхана меңгерушісі:

– Жолдың жабындысы жарылып, отырып қалған. Оның жалпы ұзындығы – 1 мың 700 метр. Жолдың жиектері басқа материалмен нығайтылған. Дұрыс тегістелмеген. Сонымен қатар екі су өткізгіш құбыры мүлдем жоқ болып шықты.

Сынның астында қалған тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Имантаев ақыры мердігер ұйымды сотқа берді. Бірақ кеш. Сот уақыттың өтіп кеткеніне байланысты оның өтінішін жартылай ғана қанағаттандырды. Бұл серіктестікті мемлекеттік сатып алудың «қара тізімінен» аман алып қалды.

Гүлмира Даниярова, СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:

– Талап етуші өтініш беру мерзімін өткізіп алды. Мемлекеттік сатып алу туралы заң бойынша кемшілікті анықтаған тапсырыс беруші 30 күннің ішінде шағымдануы шарт. Ал ол 5 айдан кейін арыз түсірді. Бұл шешімге осы негіз болды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Сот бұл іске қатысты тағы да жеке ұйғарым шығарды. Ол бойынша облыс әкімі мен прокурордың атына және де ішкі мемлекеттік аудит департаментіне осының бәріне жол берген Есіл аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына шара қолдану жөнінде нұсқама жіберілді. Судьяның айтуынша, мемлекеттік қызметкер жолды атүсті қабылдап жіберген.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы