423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда желтоқсан айында жабық жүзу бассейні іске қосылады

  • 69
  • UPD: 14:24, 20.11.2020
Талдықорғанда желтоқсан айында жабық жүзу бассейні іске қосылады

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» және «Шайқорған» саяжайларында Қаратал өзені арқылы өтетін екі көпір пайдалануға берілді.

Осы көпірлер арқылы енді екі саяжайдың қалаға қатынасы жақсарады. Көпірлерді ресми іске қосу шарасына облыс әкімі Амандық Баталов, ардагерлер және жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өткен жылы облыс әкімі саяжай тұрғындарымен кездескенде, кейін жеке қабылдау өткізген кезінде де тұрғындар осы саяжайлардағы екі көпірдің ескіргенін айтып, мәселе көтерген еді. Сол мәселені жергілікті билік бірден қолға алып, бюджеттен 595 млн теңге бөліп, биылғы жылдың мамырында көпір құрылысын бастаған болатын. Карантиндік шаралар кезінде де құрылыс жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, соның нәтижесінде қос көпір ел игілігіне беріліп отыр.

Қуанышты жаңалықпен тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі А.Баталов:

– Бұл көпірлер жергілікті тұрғындардың алаңсыз жүріп-тұруына қолайлы болады деп ойлаймын. Біз қаланың орталығын ғана емес, шеткі аумақтарын, соның ішінде саяжайларды да көркейту жұмыстарына тұрақты көңіл бөліп келеміз. Ауыз су, электр жарығы, жол және басқа да инфрақұрылымдар жүргізіліп, халықтың тұрмысына қажетті жағдайлар жасалуда. Желтоқсандағы мерекелер қарсаңында облыста көптеген жаңа нысандар ашылады. Соның ішінде Талдықорған қаласында еліміздегі теңдесі жоқ жабық жүзу бассейні іске қосылады. Көп балалы отбасыларға 200-ден астам коттедж үйлер беріледі. Осының бәрі тұрғындар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр, - деп халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында атқарылған істерді атап өтті.

Облыс басшысы мұндағы бұрынғы ескі көпірді бұзбай, қайта сыртын бояп, өткен күндердің ескерткіші ретінде қалдыру керектігін айтты. 

Облыс басшысы А.Баталов «Қызылтас» саяжайындағы көпірді арнайы барып көрді. Қос көпірдің құрылысын жүргізген жұмысшылармен тілдесіп, ризашылығын айтты.

Қала маршрутындағы №14 және №3 автобустардың соңғы аялдамасы енді бұрынғыдай көпірге келіп тірлмейді, көпір арқылы саяжайлардың ішіне өтіп, жүретін бағыты ұзарады.

Жалпы Талдықорғанда 12 саяжай қауымдастығы бар. Жергілікті бюджет есебінен оларды ауыз сумен қамту, саяжайларға электр, су, газ желілерін тарту, жол жөндеу жұмыстары атқарылуда. Мәселен, 2014 жылдан бастап жалпы сомасы 553 млн теңгеден астам сомаға 107 км электрмен қамту желілеріне реконструкция жасалған, сол қатарда «Шайқорған» мен «Қызылтас» саяжайлары да бар.

Жылдар бойы қордаланып қалған ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Қазіргі кезде «Мерекелік», «Шайқорған», «Үйтас», «Достық», «Агропромышленник», «Сарыарқа» саяжайларын орталықтандырылған су жүйесімен қамту үшін 62 шақырымнан астам желі төселді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.

Саяжай қауымдастықтарына табиғи газ жеткізілді. Бүгінгі күні «Шайқорған», «Үйтас», «Сарыарқа», «Достық», «Ключи», «Агропромышленник» саяжайлары тұрғындарының көгілдір отынға қосылуға мүмкіндіктері бар.

Хабар 24 телеарнасы