425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорданың бас су торабы алпыс жылдан бері жөнделмеген

  • 67
  • UPD: 20:48, 20.11.2020

Қызылорда облысындағы бас су торабын қайта жаңғыртуға 3 миллиард теңге шамасында қаржы жұмсалады. 60 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеген гидронысан мүлдем жөндеу көрмеген. Су реттегіш тоспа 2014 жылы апатты деп танылып, үстінен көлік жүруге тыйым салынды. 

Су торабының құрылысы сонау 1939 жылы қолға алынып, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты тоқтап қалады. Содан 1946 жылы қайта жанданып, құрылысқа мыңнан астам жапон тұтқыны тартылады. Су шаруашылығы музейінде алып нысанның алғашқы суреттері әлі де сақтаулы. Құмшауыт жерге салынған мұндай торап ТМД елдерінде жоқ, тек Бразилияда бар. Жұмысшылар 60 мың текше метр жерді қолмен қазып, құрылысты 10 жылда аяқтаған. Секундына 1900 текше метр су өткізе алатын тоспа-реттегіш аймақ тіршілігінің күре тамыры десек болады. 

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы: 

- Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы ауданының егістіктеріне су беріп тұрады. Оның ішінде бірнеше тармақтары бар. Шамамен 100-110 ішкі каналдары бар. Сол арқылы егістікке жеткізіледі. Ал оң тармақ бойында да 6-7 канал бар. Солардың барлығының жұмысын реттеп отырған осы үлкен плотина. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қызылорда су торабы арқылы 110 мың гектар егіс алқабы мен 250 гектар шабындық-жайылымдар суарылады. Егер де гидронысан сыр беретін болса, 38 елді мекенді су алып, 400 мыңдай тұрғынды басқа жерге көшіруге тура келеді. 

Апатты деп танылған гидронысанға жүргізілген суасты зерттеу нәтижесімен тіреуіштердің жарылғаны анықталды. Су өткізгіш құрылғылардың да тозығы жеткен. Қазіргі таңда отандық компания тораптың магистральді тармақтарын жөндеуді бастап кетті. Құрылыс 3 жылға созылмақ. 

Хамит Бейімбетов, «Қазсушар» РМК филиал директоры:

- 2021 жылға 2 млрд 100 млн теңгенің жұмыстары. 2022 жылға 710 млн теңге сомасы қаралып тұр. 481 млн теңгенің күрделі жұмыстарын биыл бітіру керек.  

Аграрлық салаға бейімделген аймақтың 200 мың гектар егістік жерінің 98 проценті суармалы. Өңір еңбеккерлері алдағы 10 жыл көлемінде инженерлік жүйеге келтірілген алқапты 332 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондықтан ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру уақыт талабы.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы