422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе Ресейге қош келдіңіз!

  • 77
  • UPD: 20:50, 20.11.2020

Қостанай облысындағы Приречный ауылына жақындаған әр жолаушының ұялы телефонына осындай хабарлама түседі. Шекараны аспай шетелге түскендей күй кешесің. Елді мекенде қазақстандық операторлар қызмет көрсетпейді. Тұрғындар тек ресейлік номерді пайдалана алады. Ал ел ішіндегі байланысқа үй телефонымен шығады. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Біз Тоғызақ өзенінің жағалауында тұрмыз. Мына сым қоршаудан Қазақстан шекарасы аяқталады. Ал өзеннің арғы беті Ресей. Челябі облысының Варна ауданы осы аумақтан 25 шақырым қашықтықта орналасқан.

- Жұмабек, тезірек-тезірек тоқтат енді. Қазір бүкіл менің қалған ақшам кетеді.

Зейнеткер Жұматай Мағанбетов ұялы телефонмен жиі осылайша қысқа да нұсқа сөйлесуге әбден дағдыланған. Аудан орталығындағы балаларының хал-жағдайын сұрағанша теңгерімі таусылып қалады. Роуминг қосылып кетіп, бүкіл ақшасы жоқ болады. 

Жұматай Мағанбетов, ауыл тұрғыны:

- Аудан 80 шақырым. Автобус дегеніміз жетісіне екі рет жүреді. Ол да жүргісі келеді, жүргісі келмейді. Машина жалдап барамыз. Бәрінің жағдайы келе бермейді. Ауданға барып, бірдеңе беріп жіберіп салғызып жатады ғой.

Приречный шекарадағы Ресейдің Казанов ауылындағы оператормен  қамтылып отыр. Онда екі ұялы байланыс мұнарасы орнатылған. Тұрғындар осы күнге ресейлік теңгерімді көрші ауылдан толтырып жүрсе, енді шекара жабылғалы аудан орталығына қатынауға мәжбүр.   

Сергей Евдокимов, ауыл тұрғыны:

- Ресейлік байланыс ауылдың ішінде ғана. Қостанай, Қарабалыққа шығуға келмейді. Егер шықсақ, роумингке кіргізеді де бүкіл шоттағы ақшаны сыпырып алады.

Өрнек ауылдық округі орталық су желісі, табиғи газ тәрізді өркениет жетістіктерінен құр қалған. Бұған елді мекеннің тірек ауылдардың қатарына кірмеуі себеп, дейді әкім. Ал ұялы байланыс орнатылмауын операторлар бастапқыда адамның аздығымен түсіндірген.

Оразхан Қалдаманов, Өрнек ауылдық округінің әкімі:

- Мен оларға айтамын сізде ешқандай көп шығын болмайды. Керісінше кіріс болады. Өйткені біздің ауылда 500 адам тұрады. Сосын шекаралас Варна ауданында тағы да бір ең кемі 700-800 абонент қосылады.Тұрғындардың 40 пайызы қазақтар. Орыс халқы да осы жақтан сол жерге көшкен. Олардың жақындары да осында тұрады 33 Сонда бір мыңнан астам абонент болады.

Облыста Приречныйдан бөлек, байланыс аясынан тыс қалып қойған 10-нан аса ауыл бар. Бәрі шекараға жақын орналасқан.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы