423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында донорлар азайып барады

  • 55
  • UPD: 18:24, 22.11.2020

Жылына 15 мың доза қан дайындайтын мекеме жылдық жоспарды орындағанымен, қазір тұрғындар арасында қан тапсырушылар қарасы кәдімгідей сиреген.

Ел еңсесіне салмақ салған жұқпалы індет облыстық қан орталығының жұмысына да айтарлықтай өзгеріс енгізуге мәжбүрледі. Мұнайлы өңірдің қан орталығы кәсіпорындардың қолдауымен ғана қажетті материалдарды дайындап келеді.

Осы заманғы ең озық технологияға негізделген орталық тәулігіне 100 донорға дейін қабылдай алады. Алайда қазір мұнда адам аяғы сирек. Жұқпалы індеттен жүрексінген тұрғындар қан тапсыруға құлық танытпай отырған секілді. Әсіресе, маусым-тамыз айларында қан тапсырушылар саны күрт азайыпты.

Мүбиін Дүйсәлиев, қан дайындау бөлімінің меңгерушісі:

– Бүгінге келген адамның саны – 8. Солардан қан алып, өңдеуге жібердік. Бұрында 40-45 адам күнделікті тапсыратын. Бүгін сағат 8.30-дан сағат 13.30-ға дейін осы жерде қабылдаймыз.

Өткен 10 айда орталыққа 6018 донор қан тапсырып, 13042 доза қан компоненттері дайындалыпты. Соның ішінде эритроцит құрамдас компоненттер, жаңа мұздатылған плазма, тромбоконцентраттарға сұраныс жоғары көрінеді. Өткен бір тәулікте орталық ауруханаларға 30 доза жөнелтіпті. Қазір қорда 12 мың доза сақтаулы тұр. Олар қажетіне қарай берліп отырады. Алайда қан қоры үнемі толықтырылып отыруы тиіс.

Жәңгірхан Бахонов, «облыстық қан орталығы» КМК директоры:

– Бізге донор жағынан облыс, қала көлеміндегі құқық қорғау органдары, жаңағы әскери бөлімшелер, өрт сөндірушілер мен ТЖД мамандары келіп, көмегін уақытында тигізіп отырады. Сондықтан қатты тапшылық бола қояды деп айта алмаймын.

Бұрын қан орталығының арнайы бригадасы аудандарға шығып қорларын толықтырып отыратын. Алайда қазір індетке байлынысты іс сапаралар шектелді. Енді орталық басшылығы қала көлеміндегі ірі кәсіпорын-мекемелермен келісе отырып, түрлі акциялар өткізуді қолға ала бастады. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы