417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі экологиялық проблемаларды шешу үшін 17 жол картасы әзірленді

  • 221
  • UPD: 21:44, 24.11.2020

Аймақтардағы заңсыз қоқыс полигондарын жою керек.

Одан кейін кез келген жерге қоқыс төгетіндерге жаза қолданып, бақылауды күшейткен жөн. Үкімет басшысы Асқар Мамин Экология министрі мен әкімдерге біраз тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы елдегі экологиялық проблемаларды шешу үшін 17 жол картасы әзірленді. Бұл құжатта облыстарда іске асуы тиіс бірқатар жоба бар.

Әр өңірдің өз проблемасы бар. Бірі түтінге тұншықса, екінші бір қалада күл-қоқыс мәселесі өзекті. Жаңа жол картасындағы жобалар іске асса, Ақтөбе облысында Алға химиялық зауытының қалдығы жойылып, Көкжиде жерасты суларына зерттеу жүргізіледі. Сондай-ақ ферроқорытпа зауытының технологиясы жаңғыртылады. Оған көршілес Атырауда жаңадан кәріз кешендері салынып, Жайық өзенін тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ал, Алматыдағы екі бірдей жылу энергия орталығы газға ауыстырылады. Коммуналдық және қоғамдық көліктер де табиғи газға көшеді. Ауыз толтырып айтатындай жоспар бар.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Ең үлкені – ЖЭО-2 көмірден газға ауыстыру, яғни жаңғырту. Осы жобаны қаржыландыру мәселесі шешімін тапты. Осы шешімнің арқасында ЖЭО-2-нің шығаратын зиянды қалдықтары 38 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін төмендейді. Бұл енді Алматы қаласының ауасын тазартуға үлкен септігін тигізеді.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология  және табиғи ресурстар министрі:

- Жол карталарында көрсетілген іс-шаралардың толыққанды орындалуы бірқатар оң нәтижеге әкеледі. 10 қалада атмосфераның ластану индексі жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендейді. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 15%-тен 30%-ке дейін жеткізуге, 24 жаңа полигонды салу және толып кеткен бес полигонды қалпына келтіруге және жоюға мүмкіндік береді.

Елде тұрмыстық қатты қалдықтарды төгуге арналған 3,5 мың арнайы орын болса, оның тек 600-ден астамы тиісті талапқа сай. Полигондарда 120 млн тонна тұрмыстық қалдық шіріп жатыр. Жыл сайын тағы 4 млн тоннадан қосылады. Министр жылдар бойы жиналған қоқысты жағу арқылы энергия өндіру жобасы туралы айтты. 6 қалада қоқысты қайта өңдеуге арналған пилоттық жоба іске асады. Қоқыс мәселесінен бөлек, жол картасында ескірген кәріз жүйелерін жаңғырту шаралары көрсетілген. 7 жаңа кәріз тазарту кешені салынып, 12 кәріз тазарту кешені қайта жаңғыртылмақ.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Әлемнің көптеген елдері экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны сақтау бойынша жоғары мақсаттар қояды. Осыған орай ең озық әлемдік тәжірбиені ескере отырып, жаңа Экологиялық кодекс әзірленді. Онда ластаушы төлейді, түзейді деген қағида бекітілген. Кодекстің қабылдануын ағымдағы жылы қамтамасыз ету керек. Бұл жаңа реттеушінің жүйе шеңберінде өндіріске жаңа экологиялық қауіпсіз технологияны енгізуге мүмкіндік береді. Экологиялық проблемалар елдің барлық өңірінде қоғаммен талқыланды.

Елде ауасы әбден ластанған 10 қала бар. Бұл проблеманы бір күнде шешу мүмкін емес. Мысалы шығыс өңірде атмосфераны жақсартуға 5 жыл ішінде 24 млрд теңге жұмсалыпты. Ірі кәсіпорындар табиғатты қорғау шараларына 35 млрд теңге инвестиция салған. Басқа қалаларда да қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Ол ақшаға негізінен өндіріс орындарының жабдықтары жаңартылған.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

 

Хабар 24 телеарнасы