426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында елуден астам елді мекен ауыз суды тасып ішеді

  • 220
  • UPD: 16:11, 01.12.2020

Қостанай облысында 50-ден астам елді мекен тұрғындары өзен, көл немесе тасымал суды тұтынады. Сапалы суға зәру сондай ауылдардың басым көпшілігі Қарасу ауданында. Олардың бәріне бірдей құбыр тарту қымбатқа түсетіндіктен тіршілік нәрімен қамтамасыз етудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. 

Қарасу ауданында ірілі-ұсақты 30-дан астам елді мекен бар. Солардың бірлі жарымында болмаса, басым бөлігінде орталықтандырылған су жүйесі атымен жоқ. Аудан орталығының өзіне Есіл су торабынан тартылған құбыр биыл ғана жетті. Енді оны үйді үйге тарту жайы келер жылдың еншісінде қалып отыр.Сондықтан әзірге жергілікті тұрғындарға ауыл ортасындағы жалғыз шүмектің суын аңдудан басқа амал жоқ.

Владимир Давыденко, Қарасу ауылының тұрғыны:

-  Күніне 4 сағат ғана береді. Түс кезінде 12-ден 2-ге дейін, кешке 6-дан 8-ге дейін. Оған үлгірмесең шелегіңмен  ауыл жағалап, қайыр сұрап кетесің. Әсіресе қыс мезгілі қиын. Кейде тоқтап қалады, кейде сыздықтап ағып, ыдысыңды толтырғанша, суық өтіп,қатты жаурайсың.

Жергілікті атқарушы билік қарап отыр деуге келмес. 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспарларын түзіп қойған. Бірінші кезекте Қарасу, Восток, Железнодорожный, Октябрь ауылдарының су тарату желісін қайта жаңғырту көзделіп отыр. Одан  бөлек 4 елді мекенге құбыр өткізудің жобалық-сметалық құжаты мақұлданған. Жалпы алдағы екі жылда 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады-дейді. Күндері тасымал суға қарағандарға қолдау көрсетіледі. 

Әділхан Ахмеров, Қарасу аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Облыстық бюджет есебінен су таситын ауқымды екі автокөлік сатып алдынды. Олардың жүретін кестесі, маршруты анықталып қойылды. Одан бөлек жекелеген ауылдарда су тарататын дүңгершектер, яғни үлкен бөшкелер орнату мәселесі қаралып жатыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша биыл 15 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылуы тиіс. Соның өзінде ауылдардың 36 проценті ғана  өркениет игілігіне ие болады екен.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы