419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Төрт баланы өзі бағып отырған әкенің баспана мәселесі Президент тапсырмасымен шешілді

  • 289
  • UPD: 22:56, 02.12.2020

Ақтөбеде төрт баланы бір өзі бағып отырған Амангелді Зайдуллаевтың баспана мәселесі Президенттің тапсырмасы бойынша шешімін тапты. Жұбайынан ерте айырылған жалғыз басты әкенің мүшкіл халі бұған дейін бүкіл елге тараған еді. Қиындыққа тап болған отбасының жағдайы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында болды. Ел азаматтары да қол ұшын созып, атсалысты. Бүгін міне Зайдуллаевтар отбасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Сондай-ақ үйдің ішін тұрмысқа қажетті бұйымдармен де жабдықтап берген.

Басты арманы орындалған Амангелді Зайдуллаевтың қуанышында шек жоқ. Себебі жұбайынан айрылғалы төрт баламен талай пәтер жалдап, әбден қиналған кезең артта қалып отыр. Енді тапқан азын-аулақ табысы ұл-қыздарының қажеттілігін қамтуға бағытталады. 

Амангелді Зайдуллаев, жалғыз басты әке:

- Квартирден квартирде тұрдық. Содан қыз балалар болғаннан кейін қорықтым. Мен жұмысқа кеткен кезде қорқамын. Ағамның бір бөлме сарайында тұрдым дачада. Халқыма мың алғыс мына баспана алып беріп жатқанына.

Қиын жағдайға тап болған отбасының жағдайы әкімдіктің назарынан тыс қалмады. Облыс басшысы құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде танымал кәсіпорын жеңілдетілген бағамен пәтер ұсынды. Ал «Харекет» қайырымдылық қоры көмек қолын созған барша азаматтардың қолдауымен қаражат жинақтады. Олардың арасында депутаттар мен ірі компаниялар және өзге де бизнес нысандардың жетекшілері бар.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

- Бірінші күннен бастап бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеловичтің бақылауында тұрды. Тікелей тапсырмасымен елдің азаматтарына өтініш жасағанда бәрі де атсалысты. Осындай тамаша үш бөлмелі үй, 93 шаршы метр. Балаларға демалуға да, оқуға да, ойнауға да толық мүмкіншілігі бар.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Осы үйдің түгелімен жабдықталуына біздің кәсіпкерлеріміз, жеке мектепке дейінгі ұйымдардың жетекшілері арқасында көптеген жұмыстар жасалды.      

Бөлмелері кең баспана қаланың жаңа шағын ауданынан берілді. Ал отағасы жақында осы үйді салған компанияға жұмысқа алынатын болды. Төрт баланың оқуы мен тұрмысына да бірнеше ұйым көмек көрсетуді міндетіне алып отыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы