418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық зергерлер отандық алтынды пайдаға жарата алмай отыр

  • 136
  • UPD: 09:43, 18.12.2020

2018 жылдан бері олардан өнім үшін қосымша құн салығы сұралады.

Бұл шикізат бағасына салмақ қосып тұр. Ал елдің ішкі алтын-валюта резерві қандай күйде?

Қазақстандық зергерлер алтынды ломбардтан алып отыр. Бағалы металды тікелей өндірушіден алу тиімсіз. Себебі соңғы екі жылдан бері шикізатқа қосымша құн салығы салынады. Зергерлерге 2017 жылы  200 келіге дейін алтынды биржа құнымен алуға рұқсат берілген. Бірақ заң өзгерді.

Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлері лигасының төрағасы:

– 2018 жылы Салық туралы заңға өзгеріс енді. Осылайша біз шикізатты сатып алу үшін биржадағы бағаға 12 процент қосымша құн салығын төлеуге мәжбүр болдық. Яғни алтын, күмістер бізге қолжетімсіз болып қалды. Қазір зергерлер ресми өндірушілерден алтын алмайды.

Бұған дейін отандық алтынның 60 проценті зергерлерге сатылатын. Биыл екі есе азайды. Жығылғанға жұдырық болар, елге індет келгелі отандық зергерлік бұйымдарға сұраныс айтарлықтай төмендепті.

Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлері лигасының төрағасы:

– Пандемияға байланысты еліміздегі сапалы зергерлік өнімдер сатылымы 95 процентке азайды. Жалпы нарықтағы арзан өнімдердің көбі жалған. Онда қазақстандық сынама, яғни барыстың басы бейнеленбеген. Ал шынайы зергерлік бұйымдар биыл 20 процентке қымбаттады.

Енді елімізде өндірілген алтын ұлттық банкке кетеді. Әйтеуір пандемия өндіріске кері әсер ете алмады. Мамандар жылдағы жоспарды орындаймыз деп отыр.

Қанат Досмұхаметов, тау-кен өндірісі компаниясының бас директоры:

– Елімізде 100 тоннадан аса өңделмеген және жартылай өңделген алтынды қайта өңдейді. Былтыр 57 тонна тазартылған алтын алынды. Биыл жартылай өңделген және өңделмеген алтын 86 тонна, тазартылғаны 42 тоннаға жетіп қалды. Біз былтырғы нәтижеге қол жеткіземіз деп отырмыз.

Биыл әлемдік алтынның бір унциясы 2000 долларға жетті. Бұл рекордтық деңгей. Сөйтіп еліміздегі алтын-валюта резерві 30 млрд доллардан 35 млрд-қа жетті. Экономист Сапарбай Жобаев бұл жақсы көрсеткіш дейді. Себебі шетелдік ірі инвесторлар мемлекеттің алтын-валюта қорына жете мән береді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

– Бүгінгі күнде әлем банкі, халықаралық валюта қорлары Қазақстанды тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына қосқан. ЖІӨ бойынша 50-55 орындамыз ғой мақсатымызға жеттік. 35-ке жету үшін біз осы алтын-валюта қорын дамыған мемлекеттердің дәрежесіне жеткізуіміз керек.

Экономист әлемдегі алтынның 1850 доллар шамасында болатынын болжайды. Бұл да зергерлер үшін арзан баға емес. Еліміздің экономикасына қаржы құюға ынталы мамандарға салынған қосымша құн салығы кедергі. Мамандар осы талаптың қайта қаралуын сұрайды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы