418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыға СУ-30СМ жойғыш ұшақтары жеткізілді

  • 155
  • UPD: 21:53, 23.12.2020

Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасы тағы екі СУ-30СМ жойғыш ұшағымен толықты. Бұған дейін екеуі жеткізілген еді. Иркутск қаласында жасалған әуе техникасының ерекшелігі неде?

Көп бейінді СУ-30СМ ұшақтары Ресеймен жасалған келісім және Қазақстанның қарулы күштерін қайта жарақтау бағдарламасы аясында алынып отыр. Оны Қарағандыға Иркутск зауытының тәжірибелі ұшқыштары жеткізді. Қарсы алу рәсіміне қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. Жаңа буынды жойғыш ұшақ «СУ-27» мен «МИГ-31» секілді екі бірдей әскери әуе техникасын алмастыра алады екен.

Жандос Оңлас, ұшқыш-штурман:

- Екі кабинада да барлығы жаңартылған. Қазіргі заманға лайықты қылып жасалған. Өзінің маневрлігімен ол әуеде де, жерде де жұмыс істейді және судың бетіндегі қарсыластарымен де жақсы жұмыс істейтін ұшақтардың бірі. Барлығымыз да қуанып жатырмыз, біздің 610-авиабазамызға осы заманға лайық ұшақтардың келіп жатқанына.

СУ-30СМ ұшағы кез келген ауа райында, күндіз де, түнде де еркін қалықтайды. Тек әуедегі ғана емес, жерүсті нысаналарын да жойып жіберуге, барлау жүргізуге және өзге серіктеріне нысана көрсетуге қабілетті. Шұғыл жағдайда ұшаққа отынды әуеде де құюға болады екен. Өте жылдам әскери ұшақтардың әуедегі әр бағыты секундтармен өлшенеді. Сондықтан ұшқыштардың ұқыптылығы бірінші кезекте екен.

Темірлан Бәйменов, авиациялық звеноның аға ұшқышы:

- Қазіргі таңда бұл әлемдегі ең үздік жойғыш ұшақ болып табылады. Онымен ұшу үшін біз жарты жыл оқып, дайындалдық. Қазір біздің Қарағандыдағы авиациялық база түгелдей Талдықорғанда біліктіліктерін жетілдіріп жатыр. Алғашқы топ оқуды аяқтап, міне жеттік. Әскери кезекшілікке шығуға дайынбыз. 

Мұздай қаруланған бұл ұшақ 40 шақырым биіктікте 250 шақырым қашықтықтағы кез келген қарсыласын жойып жібере алады.

Айта кету керек, қазір ТМД елдері арасында бұл ұшақ тек Ресей, Беларусь және Қазақстанда ғана бар.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы