418,54 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қалада тұрсақ та, қыстақтағыдай күн кешіп келеміз – талдықорғандықтар

  • 106
  • UPD: 09:33, 24.12.2020

Не жарық, не ауыз су, не газ құбыры жоқ деп налыған талдықорғандық үшінші бөлімше тұрғындары жауаптылармен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атқа мінерлерден 3 көшеге ғана жүргізілген инфроқұрылымдық жүйені толықтай тартып беруді талап етті.

Үшінші бөлімшенің тұрғындары ағаш бұталарынан бағана жасап, электр тоғын өз үйлеріне дейін осылай тартқан. Оның өзінде сымтемірлері салбырап, қадап қойған қадалары жел соққан сайын қозғалып құлауға шақ тұр. 

Тілеуберді Бекбатырұлы, қала тұрғыны:

– Әр тұрғын өз үйіне жарық тарту үшін бір-бір ағашты қадап жатыр. Соның бәрі бетегеден биік, жусаннан аласа болып тұр. Бала-шаға жүріп жүр. Бір жерде үзіліп жатады, бір жерде көлік тартып әкетіп жатады.

Айым Мұсаханова, қала тұрғыны:

– Көршіміз бағанымызды құлатып, 5 үйдің мұздатқышы, теледидары жанып кеткен. Бір-бірімізден тартып отырмыз. Әрине ол дұрыс жанбайды, шыны керек. Қараңғыда отырғандаймыз. Балалар сабақ оқи алмайды.

Жаңадан салынып жатқан елді мекенде ауыз су жүйесі де жүргізілмеген. Сондықтан тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. Ал шамасы келгендер қомақты қаржы жинап, орталық ауыз су жүйесінен өз үйіне дейін құбыр тартқан.    

Әсем Тазабекова, қала тұрғыны:

– Өзіміз тартып алу үшін төрт отбасы 1 млн теңгеге су қостырдық. Өйткені су жоқ. Жерден 23 метрден су шығады. Қаздыру үшін бізде Талдықорғанда апарат жоқ болды. Су керек болғаннан кейін қосып алдық.

3 бөлімше деп бөлшектемей елді мекенге қазақы атау берілу керек. Нөмірленген көшелер де танымал тұлғалардың есімімен аталса, жедел жәрдем шақыртқанда қиналмас едік дейді тұрғындар. 

Лашын Жүнісова, қала тұрғыны:

– Жедел жәрдем келсе ешқашан таба алмайды. Қараңғы, ешкім келмейді бұл жаққа. Балалар жүреді. Мектептен кейін үйлеріне әзер келеді.

Үш жыл бұрын үшінші бөлімше көшелеріне қиыршық тас төселген. Ал биыл ауыл ішімен қоғамдық көлік жүре бастады. Өзекті мәселелерді шетінен шешіп жатырмыз деген жауаптылар инфроқұрылымдық жүйені тарту келесі жылға жоспарланғанын жеткізді.  

Асқар Бегманов, қала әкімінің орынбасары:

– Ендігі жылға 172 млн теңгеге 9 км жалпы есептегенде суға ақша бөлінетін болды. Содан кейін жарық мәселесіне 700 млн теңге Амандық Ғаббасұлы бөліп отыр. Осы үшінші бөлімшеге жалпы 1млрд 300 млн теңге бөлінейін деп отыр. Ендігі жылға. Оның ішінде 700 млн теңгеге жарық жүргізеді. Үшінші мәселе – газ 373 млн теңгеге ПСД жасалды. ПСД бітті. Оны жасататын басқарма басшысы Бағлан Сағындықұлы ендігі жылы газ әкелеміз деді.

Бірнеше жылдан бері осылай күн кешіп келе жатқан тұрғындар жауаптылардың сөзіне сеніп, зор үміт артып тарқасты. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы