421,39 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда әкімдігі: Жаңажылдық безендіруге шығын шығармадық

  • 123
  • UPD: 11:30, 24.12.2020

Елордада биыл 43 млрд теңгеге жуық қаражат үнемделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала билігі оның басым бөлігін емдеу мекемелеріне аудардық дейді. Ал шаһарды безендіруге биыл көп көңіл бөлмепті. Тіпті, жаңадан шырша алмадық деп отыр. Сонда қаланың әр бөлігінде орналасқан әлгі желектерді кім орнатқан? Әріптесім айтып берсін.      

Шырша шамдары биыл да жағылды. Бірақ жылдағыдай алаулатып-жалаулатып жатқандар жоқ. Тыныш өтті. Сахна құрылмады, әншілер де келмеді. Концерт болмады. Сақтық үшін осылай жасауға тура келді.   

БЛИЦ:

– Әкімдік мереке жасап, шығындалған жоқ. Тіпті, шырша аламыз деп  шапқыламады. Былтырғысын қойған. Рас-өтірігін қайдам, кейбірін демеушілер орнатты дейді.

Дәурен Бабамұратов, қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Былтырғы заттарды пайдаландық немесе биыл кәсіпкерлер мен демеушілердің өз есебінен жасалып отырған дүние. Олармен біздің қарым-қатынасымыз әріптестік негізде.

Жылда неге осылай жасамайды екен деп ойланып қалдық. Әйтпесе, бір шыршаның өзіне миллиондап ақша жұмсап жататын еді. Әкімдік биыл 43 млрд теңге үнемдеген. Соның біраз бөлігін дәрігерлерге аударыпты. Шық бермес Шығайбайдай көрінгісі келмесе керек, балалар үшін мұз қалашық салуға бекінген.   

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Әр ауданның өзінің бюджеті бар. Сол жерде әр ауданның нақты шығындары жазылған. Мен сізге нақты қазір айтпаймын. Балалар далаға шығуы керек. Қыста ойнағысы келеді. Біздің саябақтар бар, басқа да көптеген кеңістікте осындай жағдай жасау керек. Оны енді мойындау керек, ол қаражат тұрады ғой?

Әкім айтқан қалашық апта соңында қолданысқа беріледі. Миллиондарға салынған мұз кескінді сол кезде көріп, мына бұқара бағасын бере жатар. Ал әзірге сақтық керек. Үнемделген ақша мұз болып еріп кетпей, игі істерге жұмсалса дейсің.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы