420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада 10 жылға созылған Орбита тұрғын үй кешенінің мәселесі шешіліп келеді

  • 81
  • UPD: 10:06, 29.12.2020

Елордада күннің суығында балкондары алынып, қабырғасынан сыз өткен үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешеннің тұрғындары арнамызға хабарласып, осындай жақсы жаңалықпен бөлісті. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының хабарлауынша, бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Сонымен, кешеннің қазіргі келбеті қандай?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Орбита тұрғын үй кешенінің айналасында дау туындағанына он жылдан асты. Бастапқыда 19 қабат болып жоспарланған үйді 25 қабат қылып салып қойған. Кейін кешенннің қасбеті үгітіліп, түсе бастады. Үйдің керамикалық плитасы көліктің терезесін қақ жарғаннан кейін тұрғындар дабыл қақты.

Дегенмен, ол уақытта мердігер түрмеде отырғандықтан, тұрғын үйдің сырты әкімдік есебінен қайта жөнделетін болды. Бірақ бұл жолы да тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Құрылысшылар үйдің сыртқы сылағымен қоса қисық салынған балкондарды да алып тастаған. Ал қаржыландыру болмаған кезде барлығын сол қалпында қалдырып кеткен.

Күннің суығында ашық-тесік пәтерде қалған тұрғындар туралы біздің әріптестеріміз хабарлағаннан кейін мәселесе шешілгендей болды. Жөндеу жұмыстары қайта басталып,  балкондар орнатылды. Кешеннің сырты толық сырланды. Ал сапасы қандай? Бұл сұрақтың жауабын осы үйде тұратындардан сұрап көрдік.

Теңдік Тұяқова, үй тұрғыны:

- Бес-алты жылдан бері біз Үкіметке, әкімге осы үйдің проблемасын жазумен болдық. Шынын айтқанда, мен қазір өте қуаныштымын. Рахметімді айтқым келеді. Өйткені биыл олар бізге үлкен жұмыс жасады. Бүкіл қасбетін ауыстырды. Балкондарды ауыстырды.

Александр Агафонов, үй тұрғыны:

- Құрылыс кезінде пайдаланылған материалдар жақсы. Бірақ жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл көншітпейді. Әуел баста жақсылап істесе, қазір кемшіліктерді дұрыстап жүрмеуші еді. Мысалы, менің тереземнің шынысын кеше ғана қойды. Кейбір тұрғындардың балконында жырықтар қалған. Дегенмен, құрылысшылар барлығын ретке келтіреміз деп уәде беріп отыр.

Уәкілетті орган қызметкерлері де Орбита тұрғын үй кешенінің мәселесі жақын арада толық шешіледі деп сендірді.

Ерлан Бердалин, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл нысанның сыртқы жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеді. Үйдің қасбетіндегі керамогранит сапасыз жасалғандықтан, құлап жатты. Бұл ең алдымен адам өміріне қауіп төндірді. Ал кешеннің құрылысын жүзеге асырған мердігер түрмеде отырғандықтан, кемшіліктерді әкімдік есебінен дұрыстау туралы шешім қабылданды. Қазір жөндеудің басым бөлігі аяқталды.

Тұрғындарды мазалаған тағы бір мәселе де жақын арада шешімін таппақ. Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, Александр Петров көшесіндегі үйдің азаматтары көптен күткен пәтерлерінің құжаттарын жаңа жылға дейін қолына алады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы