419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Италиялық жанкүйерлер Алматының Универсиадаға дайындығы жайлы пікірлерін білдірді

  • 3237

Универсиаданың басталуына санаулы күн қалды.

Жарысқа қатысушы елдердің алды Алматыға ат басын тіреді. Шетелдік жанкүйерлер алдағы Универсиада жайлы өз пікірлерін білдіріп те жатыр. Керлингтен Қазақстан Президентінің кубогы жолындағы жарыс та басталды.

Универсиаданың қарсаңындағы қарбалас күндері қар молынан жауып, Алматының ажарын аша түскендей. Бүгін 28-ші Универсиаданың астанасына алғаш болып Қытай хоккейшілері келсе, түс ауа Токиодан шыққан алып лайнер Алматы әуежайына келіп қонды. Спорт десе, ішер асын жерге қоятын шетелдік фанаттар да Алматыда жүр. Италиядан ат терлетіп келген Андрей Бакуля мен Марина Висчидо спорттық нысандарды аралап көріп, таңданыстарын жасыра алмады.

Марина Висчидо, Универсиада қонағы:

- Мен Венецияда тұрамын. Алматыға бірінші рет келуім. Өте керемет. Табиғаты қандай тамаша. Өте қонақжай халық екенсіздер. Мен өз отандастарыма және барша Универсиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Бүгін керлинг шеберлері Қазақстан Президентінің кубогы жолындағы жарыста бақ сынады. Жаңадан пайдалануға берілген спорт кешені керлинг шеберлерінің көңілінен шыққан секілді.

Абылайхан Жүзбай, Универсиадаға қатысушы:

- Мұз әлемдік деңгейде. Өзіміздің дайындалып жүрген мұздарымызға қарағанда әлдеқайда жақсы. Өйткені бұл мұзды шетелден арнайы мамандар келіп жасап жатыр. 

«Мұз үстіндегі математика» дейді мамандар керлинг спорт түрін. Мынау 20 келілік тасты сырғанату көзге оңай көрінгенімен, есеп-қисабың дұрыс болмаса, мүлт кетуің мүмкін.

Универсиада кезінде бұл спорт түрінен біздің спортшыларымыздан жақсы нәтиже күтеміз. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы