365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда көлік қағып кеткен 5 жастағы бала есін жиған жоқ

  • 344
  • UPD: 22:13, 17.07.2018

Алматыда көлік апатына ұшыраған бүлдіршін әлі ес-түссіз жатыр.

Дәрігерлер қалалық ауруханаға жеткізілген 5 жастағы балаға операция жасап, тиісті көмек көрсеткен. Алайда оның жағдайы тым ауыр. Ал баланы қағып, ізін суытқан жүргізуші әлі табылған жоқ. Бірақ полицейлер күдіктінінің кім екенін бейнебақылау камерасы арқылы анықтап үлгерген. Енді оны қолға түсіру операциясы жүріп жатыр.

Жоғарғы жылдамдықта жүйткіп келкен көлік жолға шығып кеткен баланы қапыда қағып кеткен. Қатты соққыдан 5 жастағы бүлдіршін бірнеше метр жерге ұшып кетіпті. Ізінше, көлік иесі шала жансар жатқан баланы көрпеге орап, жол жиегіндегі қалың ағаштардың арасына тастап кеткен.

Қансырап жатқан баланы сол маңдағы тұрғындардың бірі тауып алып, дереу жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына лезде жеткен дәрігерлер оны қалалық балалар ауруханасына жеткізіпті.

Бүлдіршінге екі бірдей ота жасалған. Алайда, 5 жастағы Дінмұхаммед әлі есін жимады.

Дінмұхамед Ризуддинов, қалалық «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК бас дәрігерінің орынбасары:

– Балада ашық бас жарақаты болды. Біз операция жасадық. Қазір науқас арнайы аппаратпен демалып жатыр. Жағдайы өте ауыр.

Болжам бойынша 5 жастағы бала жұмысқа кетіп бара жатқан әкесіне еремін деп, жолға абайсызда шығып кеткен болуы мүмкін. Оқиғаның нақты қалай болғанын әзірге ешкім білмейді. Куәгерлер де жоқ. «Ал өлімші күйде жатқан балаға жанашырлық танытпаған жүргізушіні қатаң жазаға тарту керек», – дейді оның туыстары.

Руслан Хабибов, баланың ағасы:

– Жүргізуші тезірек табылып, жазаға тартылса екен дейміз. Өлім мен өмірдің арасында жатқан баланы түк болмағандай қалай тастап кетуге болады?! Бұл – нағыз айуандық.

Қазір полиция қызметкерлері күдіктіні іздестіруге кірісті. Олар апат болған жердегі бейнебақылау камерасы арқылы жүргізушінің кім екенін анықтап үлгерген. Енді тұтқындау операциясы жүріп жатыр.  

Кешенді жедел тергеу амалдарының аясында көлік иесі, көлік құралы және оқиға куәгерлері анықталады. Бұл оқиғаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 347-бабы бойынша іс қозғалды. Егер күдіктінің айыбы дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жол апаты болған орын қазір қоршалған. «Басынан ауыр жарақат алған баланың туыстары аталған жайтқа куә болған азаматтар болса, тергеу ісіне көмектессе екен», – дейді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Радик Жакупов

Осы категория бойынша: « Петропавлда жол апатынан зардап шеккен науқастардың беті бері қарады Алматы облысында жоғалып кеткен бала әлі іздестірілуде »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы