378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да мектеп оқушысын көлік қағып кетті

  • 192
  • UPD: 09:59, 20.12.2018
ШҚО-да мектеп оқушысын көлік қағып кетті Baq.kz

Ақтауда жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары кезінде 1 адам көз жұмды. Ал Шығыс Қазақстанда жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан мектеп оқушысын көлік қағып кетті.

Ақтаудағы жылу электр орталығында апат болды

Ақтауда жылу электр орталығында болған апат салдарынан 1 адам мерт болды. Оқыс оқиға өңірдегі жалғыз энергетикалық комбинат аумағында болған. Анықталғандай, ол жердегі құрылғыны жөндеу кезінде газ бөлінген. Соның салдарынан жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың бірінің денесін 50 пайыз күйік шалған. 32 жастағы азамат бірден облыстық ауруханаға жеткізіледі. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанымен, оның өмірін сақтап қала алмады. Енді оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтайтын болады.

Риддерде мектеп оқушысын көлік қағып кетті

Риддер қаласында 3 сыныптың оқушысын көлік қағып кетті. Жеткіншек ауыр жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілген, алайда келесі күні көз жұмды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қайғылы оқиға Островский көшесінің бойында болған. Оқушы жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатып көліктің астында қалады. Қазір 24 жастағы көлік жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Павлодарда өрттен екі адам қайтыс болды

Павлодарда жұмыс істемей тұрған металл базасынан шыққан өрттен екі адам қайтыс болды. Беті-қолын күйік шалған үшінші адам №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне жеткізілді. Оқиға орнынан мамандар екі адамның мәйітімен қатар жанар-жағармай құйылған ыдыстар мен дизельді генератор тапқан. Қазір тілсіз жаудың неден шыққаны анықталып жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, қайғылы жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Тілекжан Галямов, қалалық ТЖБ бас маманы:

- Өрт салдарынан екі адам қайтты, 1 адамға жедел медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. 10 пайыз дене күйігі бар. Өрттің мән-жайы анықталуда. Арнайы сараптама тағайындалды. Қорытындысы бойынша тиесілі процессуалдық шешім шығарылады.

Түрмеге гашиш алып өтпек болды

Таразда түрмеге есірткі кіргізбек болған әйел ұсталды. Жазасын өтеу мекемесіне туысымен қысқамерзімді кездесуге келіп, гашишті сәлем-саухат арқылы өткізбек болған. Ол 6 қаптамаға оралған тыйым салынған затты шошқа майының ішіне жасырған. Мекеме қызметкерлері заттарын тексеру кезінде 17 граммнан астам гашиш анықтады. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Пәтер өртенді

Қостанай облысының Рудный қаласында бесқабатты үйдің бір пәтері өртенді. Абырой болғанда, көк түтінге оранған үй ішінен екі баланы көршілері алып шығыпты. Қазір 6 және 2 жастағы бүлдіршіндердің жағдайы жақсы. Өрттің шығуына ата-ана қарауынсыз қалған балалардың оттықпен ойнауы себеп болған. Қызыл жалын құтқарушылар келгенге дейін сөндірілді.

Уәлихан Досанов, облыстық ТЖД бас маманы:

- Көк түтін пайда болғанда, балалар кіреберіс есікті қағып, көмек шақырған. Көршілері есікті бұзып оларды сыртқа алып шықты. Жедел жәрдем және өрт сөндірушілерді шақырды. Балалар дәрігерлердің қарауында болып көп ұзамай үйлеріне жіберілді. Олардың денсаулықтарына немесе өміріне қауіп төнетіндей себеп жоқ.

Хабар 24 телеарнасы