388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда екі қызды қағып кеткен тұрғын 4 жылға сотталуы мүмкін

  • 640
  • UPD: 15:29, 18.02.2019

Петропавлда прокурор көлігімен адам қағып өлтірген тұрғынды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Маңғыстау облысында экологиялық талаптарды өрескел бұзған компанияға қомақты айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оралда 44 жастағы ер адам тәртіп сақшыларынан қашпақ болып, 3-қабаттың терезесінен секіріп кетті. Оқиға қалалық полиция басқармасының ғимаратында болған. Ол қала әкімінің есеп беру кездесуінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бөліміне жеткізілген болатын. Хаттама толтырылып жатқан кезде, әлгі ер адам кенет терезені ашады да секіріп кетеді. Биік ғимараттан құлаған ол дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Ер адам бұрын Орал стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істегені анықталды. Екі жыл бұрын қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған.

Экологиялық талаптарды өрескел бұзған

Маңғыстау облысында экологиялық талаптарды өрескел бұзған компанияға қомақты айыппұл салынды. «Экотерра» серіктестігі Экология департаментінің рұқсатынсыз және арнайы талаптарды сақтамастан 50 мың тонна зиянды қалдықты жойған. «Осылайша қоршаған ортаның ластануына әкелетін әрекеттерге барған», – дейді сала мамандары. Өткен жылы департамент бұл компанияға 3 мың тонна ғана қалдықты қабылдауға рұқсат бергенімен, олар көрсеткішті 60 мың 618 тоннаға жеткізіп, мөлшерден 20 есе артық кеткен. Олар мұнай, химия және медициналық сияқты аса қауіпті қалдықтар болғандықтан, қоршаған ортаға тигізген зияны да орасан.

Руслан Төкенов, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- Мемлекеттік экологиялық сараптамада белгіленген тәртіпті бұзып отыр. Яғни қалдықтың қалай келгені, қайда жіберілгені жайлы жобаны дұрыс жасақтамаған. Бізге басқа мәліметтер берген. Осы 4 экологиялық заң бұзушылыққа байланысты ҚР Әкімшілік жауапкершілікті бұзу туралы кодекстің 332, 328, 344 және 355-баптарына сәйкес біз әкімшілік жауапкершілікке тарттық.

Күдікті 4 жылға сотталуы мүмкін

Петропавлда түнгі клубтардың бірінің алдында автокөлікпен екі адамды қағып кеткен Илья Старухиннің ісіне қатысты сотта екі жақтың пікірсайысы өтті. Қылмыстық істі толығымен зерттеп шыққан мемлекеттік айыпталушы оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жазасын қоныс колониясында өтеуді талап етті. Алайда күдікті болса мұнымен келіспей отыр.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Илья Старухин екі бірдей қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Қатты соққыдан біреуі көз жұмды. Ал түрлі дене жарақатын алған екінші жәбірленуші арызын қайтарып алған.  Кісі өлімімен аяқталған қылмыстық іске қатысты соттың үкімі 20 ақпанда шығады.

Жол апатынан 20 жастағы жігіт көз жұмды

Алматы облысының Қарасай ауданында болған жол апатынан 20 жастағы жас жігіт ажал құшты. Ол көлік тізгінінде болған. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт күтпеген жерден қарсы бетке шығып кеткен. Көлігі бірнеше рет аударылып барып, сайға құлаған. Көлік иесі тілге келместен оқиға орнында қайтыс болды. Мәйітті алып шығу үшін құтқарушылар машинаның төбесін кесулеріне тура келген.

Хабар 24 телеарнасы