386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың 25 дерегі анықталды

  • 167
  • UPD: 22:31, 30.07.2019

Балалар еңбегін пайдалануда заң талаптары қаншалықты сақталып отыр?

Әлі бойы өсіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімдер қара жұмыстан қалжырап жүрген жоқ па? Орал қаласында ювеналды полиция қызметкерлері сауда нүктелері мен автокөлік жуу орындарын аралап, осы сауалдарға жауап іздеді.

Рейд барысында анықталғандай,жұмыс берушілер еңбек заңдылығын жиі бұзады екен.

Заңға сәйкес елімізде 14-ке жасы толған жасөспірімдер еңбек етіп, табыс табуға құқылы. Алайда олардың жұмысы тәулігіне төрт сағаттан аспауы тиіс. Әрі баланың ата-анасының рұқсаты және қос тараптың арасында тиісті келісімшарт болуы тиіс. Өкінішке қарай, осы қарапайым қағиданы бұлжытпай орындайтындар некен-саяқ. Оған бүгінгі рейд барысында біздің де көзіміз жетті. Мәселен, Алмалы ауылынан келген Нұрсен әжесінің қасында қарбыз сатады. Айтуынша, ол осы жерде тәулік бойы тұрады.

Жәния Назарғалиева, Ақжайық ауданының тұрғыны:

- Мен былай жүріп-тұруыма қиналамын, сол себепті қасыма көмектеседі немерем. 24 сағат менің қасымда болмайды, демалады.

Жолдың бойында саудамен айналысатын жасөспірімдердің табысы әртүрлі. Біреуі күніне 2 мың теңгені місе тұтса, енді бірінің қолға алатыны сатылған тауардың сомасына қарай айқындалады. Бірақ бәріне ортақ жайт – жұмыс уақыты. Заңда балалар тәулігіне 4 сағаттан артық еңбек етпеуі тиіс делінсе, мұнда олар таңнан кешке дейін жүреді.

Мәдина Құспанова, қалалық жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

- Күннің ыстығына қарамастан жасөспірімдердің күні бойы қарбыз-қауын сату деректері, сонымен қатар базар айналасындағы балмұздақ пен квас, лимонад сату деректері анықталып отыр. Бұл жерде айта кететін жайт, жұмыс берушілер еңбек шартына қол қоймай, заңсыз пайдаланып отыр. Яғни, жасөспірімдер таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс жасап отырады. Еңбек инспекциясы жұмыс берушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартады.

3 күн қатар өткізілген рейд барысында кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдаланудың 25 дерегі анықталған. 100-ге жуық жасөспірім инспекторлардың көмегімен барлық заң талаптарына сай жұмысқа орналасқан. Олар негізінен полицияның арнайы есебіне алынған мектеп оқушылары мен қолайсыз отбасы балалары.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы