389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да шаянды заңсыз аулаған браконьер ұсталды

  • 193
  • UPD: 10:47, 17.09.2019
СҚО-да шаянды заңсыз аулаған браконьер ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері шаяндарды заңсыз аулаумен айналысқан азаматты ұстады.

«ВАЗ 2107» автомашинаны  тізгіндеген 41 жастағы ауыл тұрғынын тоқтатқан тәртіп сақшылары, көлік тіркемесінен құнды зат салынған 9 қап тапқан. Алайда оның тиісті құжаттары болмай шықты. Осы дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Алматы облысында екі «Ауди-100» автокөлігінің бір-бірімен соқтығысуы салдарынан 7 адам мерт болды. Бұл жол апаты «Алматы-Текелі» тас жолының 26-шы шақырымында тіркелді. 6 адам оқиға орнында қаза тапса, біреуі Текелі қалалық ауруханасында қайтыс болған. Аталған медицина мекемесінде осы жол-көлік апатының салдарынан жарақат алған екі жолаушы жатыр. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеру басталды.

Ақтөбе облысында адам өлімі орын алған жол көлік оқиғасы тіркелді. Қарабұтақ ауылынан өңір орталығына келе жатқан «Мазда кронус» автокөлігі «Самара-Шымкент» тас жолының 934 шақырымында «Опел Вектра» машинасымен соқтығысқан. Салдарынан «Мазда» отқа оранып,  оның жүргізушісі, жұбайы, баласы және немересі қаза тапты.  Ал, «Опель-Вектра» автокөлігінің салонында болған екі жолаушы да оқиға орнында көз жұмған. Жүргізушісі ауыр жарақаттанып, Әйтеке би аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазір, осы іске орай соталды тергеу амалдары басталды. 

Шымкентте жол апатынан адам қаза тапты. Таңғы уақытта Бәйтереков көшесі мен Астана даңғылы қиылысында жеңіл автокөлік пен жолаушылар автобусы соқтығысты. Жойқын соққыдан қоғамдық көлік бүйіріне аударылып қалған. Нәтижесінде автобус кондукторы болып істейтін әйел оқиға орнында көз жұмды. Тағы 13 адам түрлі дене жарақатын алған. Олардың үшеуі – балалар. Жапа шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді.     

Әсел  Сәденова, қалалық ПД басқарма басшысы:

- Автобус жүргізушісі жол ережесін ескермей бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп, Тойота Камри маркалі автокөлігімен соқтығысып аударылды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 345 бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. 

Туған баласын кепілдікке алған қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Енді ол 6 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын қылмыскер әйелімен арадағы жанжалдан соң бір жарым жастағы қызын ұрлап әкетіп, оны өлтіруге оқталған. Тәртіп сақшылары екі сағат бойы келіссөз жүргізіп, ақыры операция сәтті аяқталды. Сәби зардап шеккен жоқ, ал қылмыскер қолға түсті. 

Әлия Жошева, судья:

- Өз баласын кепілдікке алған Айдархановқа негізі 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда сот оның кінәсін толық мойындап, жасаған қылмысы үшін өкінетінін, кәмелет жасқа толмаған 3 баласының барын, ал өзінің екінші топтағы мүгедек екенін және қылмыстық жауапқа бірінші рет тартылып тұрғанын ескере келе, жазасын жеңілдетіп, 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Алматы облысында 82 жастағы зейнеткерді алдап соққан әйелдің ісі әшкереленді. Ол өзін әлеуметтік мекеме қызметшісі ретінде таныстырып, Қарабұлақ ауылында тұратын қарттың зейнетақыдан жиналған 80 мың теңге көлеміндегі қаржысын қолды қылған. Текелі қаласының 50 жастағы тұрғыны бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Қазір алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Қостанай облысында «Заңсыз мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында 468 шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды. Олар Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған. Сот шешімі бойынша 21 шетелдік өз Отанына қайтарылды. Сондай-ақ аталмыш операция аясында полицейлер ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген қылмыскерді құрықтады. Кісі өлтіруге қатысы бар 33 жастағы күдікті Жітіқара ауданында қолға түсті.    

Кенже Қонысбай, облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы:

- Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту және пайдалану үшін 21 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 136 шетелдікке қатысты елде болу мерзімін қысқарту процедурасы қолданылды, қабылдау-тарату орнына 7 адам жеткізілді.

Хабар 24 телеарнасы