425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда бұралқы иттер баланың бас терісін жұлмалап тастады

  • 351
  • UPD: 21:26, 03.08.2020

Атырауда қаңғыған ит қаптап кеткен. Мұнайлы шаһардағы «Самал-2» ықшам ауданының тұрғындары солай деп, шағымдарын айтуда. Бұралқы иттер үлкенге шауып, кішісін қауып, әбден зәрезап қылған көрінеді.

6 жасар Аспандияр күні кеше түстен кейін алаңсыз ойнауға кеткен. Қаперсіз отырған ата-ана жан ұшыра жылаған ұлының даусынан далаға атып шыққан. Қаңғыған бұралқы ит кішкентай балаға шауып, басынан тістеп тастапты. Жұлмалағаны сонша бас терісін 4 жерден тігіпті ақ халаттылар. Қазір жағдайы жақсы, бірақ әбден қорқып қалған. 

Рахима Ордағанова, қала тұрғыны:

- Кеше түскі 2 шамасында ұлым сыртқа шығып кеткен. Жылаған дауысынан шошып, сыртқа жүгірдік. Иесіз ит талап тастапты. Қанша қарсылық көрсетсе де бала ғой. Әлі келмеген. Басынан тістеген. Бірнеше жерден тікті. Қазір ем қабылдап жүрміз. Бұл оқиға ең соңғысы болса екен дейміз. 

Біз жауаптылармен де байланысып көрдік. Олардың айтуынша, бұралқы иттерді жою жұмыстары жоспарлы жүргізіліп жатқан көрінеді. Мамыр айынан бері шаһарда 3 мыңға жуық қаңғыған иттің көзі құртылған. Тұрғындардан түсетін шағым да аз емес. 

Сатыбалды Оразбаев, қалалық ветеринария станциясының директоры:

- Мамыр айынан бастап толыққанды жұмысқа кірістік. Қазіргі таңда қалада 3 бригада жұмыс жасайды. 3 бригада қаланың айналасындағы 7 ауылдық округ пен қаланың ішіндегі бұралқы иттерді жоюмен айналысады. Қазір 38-24 күн арасында бір күнде бұралқы иттер жойылып тұрады. 

Бұралқы иттердің көзін жою үшін былтыр 42 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биылға берілетін ақша да осы мөлшерде болмақ. Әзірге соның 3 млн астамы игерілген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы