423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда әйел адамды пышақтап кетті

  • 94
  • UPD: 10:23, 16.11.2020

Қостанайда тапа-тал түсте белгісіз біреу әйел адамды пышақтап кетті. Оқиға Гагарин көшесінің бойында болған.

Қаныпезердің жантүршігерлік әрекеті көше бойындағы бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалған. Видеода қарақшы әйелге жақындап, үшкір затпен бірнеше рет ұрғылап жатқаны анық көрінеді. Кейін қансырап, әбден әлсіреген әйелден сөмкесін тартып алған. Қазір күдікті ұсталды. Ол 41 жастағы Қостанай қаласының тұрғыны болып шықты. Қазір оның үстінен адам өлтірмек болғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Ал 38 жастағы әйел ауруханаға жеткізілген. 

Оралдағы тойханалардың бірінде меймандар тойдан тұра қашты. Жұрттың бұл әрекеті видеоға түсіп қалған. Оқиға түс ауа қаладағы «Солтүстік-Шығыс» ықшам ауданындағы мейрамханалардың бірінде тіркелді. Сөйтсек, монитиорингтік топ дүрілдетіп той жасап, карантиндік режимді өрескел бұзғандардың үстінен түскен. Бастапқыда есікті ашпай құтылмақ болған көрінеді. Алайда ішке бұзып кіруге бар топтың құзырына көзі жеткен соң есікті ашуға мәжбүр болды. Полицейлер мен топтың өзге де мүшелерін көрген қонақтар жапа-тармағай қаша жөнелген. Рейд кезінде 5 карантиндік режимді бұзу дерегі анықталды. Хаттама толтырылып, барлық дерек санитарлық дәрігерлерге жіберілді. Айта кету керек, қазір Батыс Қазақстан облысында коронавирус дендеп тұр. Бірақ тұрғындар той жасап, сауық құрғандарын тоқтатар емес.

Павлодарда да сауық құрып карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылды. Жергілікті мониторингтік топ бір күнде 8 заң бұзуды анықтаған. Мәселен, Малайсары батыр көшесінің бойындағы лаундж-бардың бірінде 30 шақты адамға дастарқан жайылып, дискотека ұйымдастырылған. Онда келушілер тіпті кальян шегіп, еркін думандатуға шыққан. Сондай-ақ карантин кезінде жұмыс істеген караоке-бар әшкере болды. Бұл көңіл көтеру орталығы жабық түрде қызмет көрсеткен. Рейд кезінде полицейлер ішке кіре алмай біраз әбігерге түсті. Алайда тәртіп сақшылары  Бардың төңірегіне екі бірдей жасақ қойып, режим бұзғандарды 5 сағат бойы аңдып отырып ұстады. 28 келуші мен караоке-бардың 7 қызметкері полиция бөліміне жеткізілді. Ал барлық деректер санитарлық дәрігерге жолданды.

Хабар 24 телеарнасы