420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жолда қалған 14 адам құтқарылды

  • 153
  • UPD: 11:24, 28.12.2020

Шығыс Қазақстан облысында сапарға шыққан 14 жолаушы мен  автобус жүргізушісі құтқарылды.

«Газель» автобусы Алматы-Өскемен тас  жолының 805–шақырымында Аягөз қаласынан 30 шақырымдай жерде бұзылып қалған. Жолаушылардың өзі «112» қызметіне хабарласып, көмек сұраған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аязда қалған жандарға қол ұшын берді. Сол күні  жолда тұрып қалған «КамАЗ» жүк көлігі де қауіпсіз жерге жеткізілді. Жолаушылардың барлығы  жылыту пунктіне орналастырылды. 

Батыс Қазақстан облысында Белорус елінің азаматы құтқарылды. Оның көлігі Тасқала ауданы Достық ауылының жанында  тұрып қалған. Облыстық төтенше жағдайлар  департаментінің қызметкерлері дизель отынымен жүретін көлікті жылытып, жүргізушіні ыстық тамақпен қамтамасыз еткен. Қауіпсіз жерге дейін шығарып салған құтқарушыларға жүргізуші алғысын жаудырды.

Қатты аязға байланысты көліктердің өртенуі жиілеп кетті. Бір мезетте Семей, Өскемен қаласымен қатар Бородулиха ауданында үш бірдей көлік отқа оранған. Екеуі жекеменшік тұрғын үйдің, ал тағы біреуі көлік көп қабатты үйдің ауласында жанған. Өрттің шығуына  көлікті қыздыру кезінде қарапайым қауіпсіздік ережерінің сақталмауы себеп болып отыр. 

Павлодарда жастар арасында жаппай төбелес болды. Полиция департаменті түнгі жанжалдың себептерін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша алдымен сөзге келіп қалған үш адам төбелесіп қалған. Кейін оларды ажыратпақ болған екі адам келіп қосылған. Полиция келгенде жанжалды бастаған  екі жігіт полицияға бағынбаған. Қазір осы оқиғаға қатысы бар адамдарға ұсақ бұзақылық және түн тыныштығын бұзу дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Төбелес кезінде  ешкім зардап шеккен жоқ.  Олардың әрқайсысы  10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Хабар 24 телеарнасы