loader


Батысқазақстандық кондитер өнімдері экспортқа шығарылады

Батысқазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерімен шетел нарығын жаулауға көшті.

Мәселен, «Батыс-өнімдері» ЖШС кондитер өнімдерін көршілес Ресейге де шығара бастады. Бұған өндірісті жаңарту арқылы қол жетіп отыр. Яғни «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 500 миллион теңге болатын жоба жүзеге асты. Мұндағы басты мақсат – қазақстандық тұтынушыларды сапалы өніммен қамтып, импорт көлемін төмендету.

Оралда кондитер өнімдерін шығарумен он шақты кәсіпорын айналысады. Шеттен келетін өнім көлемі де аз емес. Бәсекелестік ортада оза шабу тек сапаға ден қойғанда ғана мүмкін болмақ. Осыны түсінген кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін арттырып, жоғары сапа мен қолайлы баға саясатын ұстануға көшті.

Алексей Попков, кәсіпорын директоры:

- Өнімдерімізді Ресей нарығына шығарамыз. Ол жақта біздің тәтті тағамдарымыз үлкен сұранысқа ие. Ал Қазақстан бойынша Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларымен әріптестік байланыс бар. Жуырда Алматы қаласымен де келісімдер жасаспақпыз.

Үш жыл бұрын кәсіпорын «Бизнестің жол картасы» аясында жаңа желілерді іске қосты. Заманауи қондырғылар Ресей және Германия елінен әкелінді. Нәтиже көп күттірген жоқ. Өндірілетін өнім түрлерін молайтуға мүмкіндік туды. Өнімділік өрістеп, өндіріс көлемі артты.

Самал Жангереева, кондитер цехының жұмысшысы:

- Бірінші келген күннен бастап үйретеді. Ондай қиындық жоқ. Көбіне автоматпен жұмыс жасаймыз ғой. Ақшамызды уақытылы алып тұрамыз, айына екі бөліп аламыз. Бірақ дегенмен де отбасымызға бәрімізге жеткілікті.

Кондитерлік цехта ауысымына 6 тонна өнім өндіріледі. Қазір мұнда 50 шақты адам еңбек етеді. Екі ауысымдық жұмыс жүйесінің енгізілуі де көп нәрседен хабар береді. Технологиялық желінің жұмыс барысы толықтай автоматтандырылған. Тағы бір артықшылық өнімге қажетті шикізат өзімізде өндіріледі. Ал ай сайын дайын болатын 90 тоннаға тарта өнімнің басым бөлігі көршілес Ресей нарығына шығарылады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...