loader


Павлодар облысында тауарлы сүт фермаларының қатары артып келеді

Сүт өндірісінде шетелдік инвесторларды тарту Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» көрініс тапқан басым бағыттардың бірі.

Павлодар облысы бұл үдеден шығып отыр. Аймақта Қазақстан-Франция компанияларының  бірлескен кәсіпорны табысты жұмыс істеп тұр. Сүт өнімдерінің түр-түрін шығаратын мекеме қуаттылықты арттырып, өнім сапасын көтеру мақсатында кең ауқымды модернизация жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесі жаман емес. Өнімнің түрлері артып, дайын өнімді сақтау мерзімі ұлғайған.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында тауарлы сүт фермаларының қатары артып келеді. Осының арқасында ішкі нарықтан шеттен келетін сүт өнімдері ығыстырыла бастаған. Ал облыс орталығында орналасқан Павлодардың сүт зауыты өндірісті жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мақсатқа екі миллиард теңгеден астам инвестиция құйылыпты. Модернизация жұмыстарының арқасында жаңа технологиялар енгізіліп, өнім түрлері көбейді.

Галина Мельникова, сүт зауытының өндіріс бойынша меңгерушісі:

- Барлық зауыттарда байланыссыз технология енгізілген. Өнім адамдардың қатысуынсыз автоматтандырылған құрылғыларда өңделеді. Осы технологияның көмегімен біз 15 сатылық жүйедегі бақылау сапасымен бөтен қоспасы жоқ, 23 күннен 35 күнге дейін жарамды сүт өнімдерін шығарамыз. Біздің өнімдеріміз Кедендік одаққа мүше елдер арасында жоғары бәсекелестік тудыра алады.

Облыс аумағында бұл компания 600 бас қара мал ұстайтын тауарлы сүт фермасын салу бойынша инвестициялық жобаны қолға алды. Бұған француз компаниясы 1 млн еуро сомасында қаржы салып отыр. Сонымен қатар толыққанды сүт өңдеудің кластерлік жүйесін енгізу үшін бес жылдың даму жоспарын бекіткен. 2018 жылы компания сүттің көлемін жылына 9 мың тоннаға жеткізуді межелеп отыр. Экономикалық қиын кезеңге қарамастан, кәсіпорынды дамыту қарқыны бәсеңдемейді. Биылғы жылы да қомақты қаржы құйылады деп жоспарланған.

Вячеслав Емельяненко, сүт зауытының операциялық директоры:

- Инвестиция біздің өнімдеріміздің сапасын жақсартуға бағытталады. 2016 жылы жарты миллион еуро Павлодар зауытында «Президент» белгісімен сарымай шығаратын жаңа желіні іске қосуға жұмсалады.

Қазақстан нарығында өзіндік үлесі бар сүт зауытының қызметкерлері жаңа өнім сапасымен ғана емес, бағасы жағынан да қазақстандықтардың көңілінен шығады деген сенімде.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман  Якубов, Алексей Омельницкий

Сондай-ақ...