378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада жақында ашылған сауда орталығы отандық тауармен толығуда

  • 1413

Отандық өнімнің орны бөлек. Астанада жақында ашылған сауда орталығы қазақстандық тауармен толығуда. Бір жерге топтасқан тек ұлттық брендті тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді.

Ашылғанына бірер ай ғана болған бұл сауда алаңындағы тауарлардың барлығы отандық шеберлердің қолынан шыққан. Шетелдік өнімдермен терезесі тең түспесе кем түспейді. Бағасынан мін таппайсыз. Сапасына сын тақпайсыз. Made in KZ белгісі бар ұлттық бренд бүгінде сауда нарығында ойып өз орнын алуда.

Кеше ғана жастанған жастықтан, жайғасқан жиһазға дейін шекара ар жағынан жеткізілетін. Бүгінгі жағдай бөлек. Қазақстандық кәсіпкерлер сұранысты саралап, ұсынысты қабылдап, тұтынушыға өз өнімін беруге әзір.

Берікжан Байдәулетов, кәсіпкер:

- Көріп отырғаныңыздай, барлық жиһаздар – отандық өнім, өзімізден шығарылады. Сапа жағына келетін болсақ, шетелдік өнімдерден кем түспейді. Сапа жағы өте жоғары жасалған. Бағасы төмендеу, сапасы да жоғары, бағасы да төмен.

Отандық өнімнің басын қосқан алаңнын артықшылығы, сатушылар орынды жалға алу үшін ақы төлемейді. Тауарын қою тегін. Тиісінше, өзге дүкендерде бағасы шарықтаған киімді бұл жерде екі есе арзанға қол жеткізуге болады. Италия, Франция брендін шаң қаптырмаса да, қазақстандық тауар сән көшінен қалыспайды.

Дінмұхаммед Ілиясов, сатушы:

- Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, бұл секторларда костюмдердің сан түрі бар. Алматылық тігіншілердің қолынан шыққан. Мәселен, мына костюмді алып қарайық. Пішіні барлық талапқа сай. Көбіне бұл түсті мемлекеттік қызметкерлер алады.

Берік Аспандияр, қала тұрғыны:

- Жақсы екен, сапасы да жақсы екен. Балаларға арналған кереует көрдік. Болады екен, бағасы да арзан.

Бірегей бастаманы көтерген «Халық маркасы» федерациясы 200-ден астам кәсіпкермен келіссөз жүргізуде. Жоба сәтті жүзеге асса, сауда орталығының қосқабаты кіл отандық тауарға толады. Ұйымдастырушылар бұл қадам арқылы өз брендімізді кеңінен насихаттауды көздеген.

Римма Тәжібаева, «Халық маркасы» қазақстандық тауар мен қызмет сапасын бақылау жүйесі федерациясының президенті:

- Қыркүйектің аяғына дейін осы 5 мың шаршы бүкілі толып, ары қарай 10 мың шаршы толтырылады. Осы 5 және 3-қабатының бәрінде «Қазақстанда жасалған» деген, үлкен «халық маркасы» деген павильонды ары қарай ашуы жалғаса береді.

Бүгінге дейін бұл павильонда 100 шақты компания өз орнын алып үлгерді. 10 мыңнан астам отандық тауардың үлгісі бар. Әзірге Астанада ғана жұмысын бастаған тың жоба сәтті жүзеге асса, өзге шаһарларда да халық маркасы сауда алаңдары ашылады.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы