426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Израильде Денсаулық сақтау министрлігінің сайты істен шықты

  • 82
  • UPD: 23:54, 04.10.2021

Израиль тұрғындарының 20%-інде санитарлық төлқұжаттың мерзімі өтті. Алайда олар техникалық ақаудың кесірінен жаңасын рәсімдей алмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұл құжатсыз қаладағы қоғамдық орындарға кіруге рұқсат жоқ. Израиль үкіметі бұл мәселені қалай шешеді?

Сергей Ауслендер, тілші:

- Қазанның үшінде екі миллионға жуық израильдіктің «жасыл» төлқұжат мерзімі бітті. Оны жаңарту үшін екпенің үшінші компонентін салдыру қажет. Алайда ревакцинацилаудан өткендер жаңа құжат рәсімдей алмады. Өйткені өтініш тым көп түсіп, денсаулық сақтау министрлігінің сайты істен шығып қалды.

Ницан Горовитц, Израиль денсаулық сақтау министрі:

- Әрине, сұраныс көп болатынын болжадық, бірақ күніне миллиондап түседі деп ойлаған жоқпыз. Қазір сайтты шұғыл түрде жөндеп жатыр. Алдағы бірнеше күнде қайта іске қосылады.

Сайт жұмыс істемей жатқанда ескі төлқұжат иелері, тіпті үшінші екпе алғандардың да құқығы шектелді. Өйткені елде қазанның үшінен бастап вакцина төлқұжатынсыз қоғамдық орындарға кіруге шектеу қойылған. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі төлқұжаттың жарамдылық мерзімін 72 сағатқа созды. Жүйе жуық арада қалыпқа келтірілмесе, мерзімі қайта ұзартылады. Жалпы елдегі эпидахуал тұрақтала бастаған. Вирус жұқтырғандар мен өлім көрсеткіші азайды. Үкімет мұны үшінші екпенің тиімді әсері деп санайды. 

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі:

- «Дельта» штамының жаппай таралуын тоқтаттық. Десе де, дәл қазір босаңсу қауіпті. Індеттің беті қайта бастағанда ушықтырып алмау маңызды. Жағдайды жіті бақылауда ұстап, халыққа маска режимін жалғастыру қажеттігі жөнінде нұсқаулық беру қажет. «Дельта» штамы шыққалы бері үкіметтің ұстанған жүйелі саясатын тұрғындар соңғы уақытта түсіне бастағаны байқалады. Израиль билігі мен экономикасы мүмкіндігінше ашық, елде тест, вакцина мен бустер жеткілікті мөлшерде.

Алайда вакциналауға қарсы топ бұл саясатты түсінгісі келмей, әлі де наразылық шараларын өткізіп жүр. Тақауда антиваксерлер ел бойынша шерулер ұйымдастырып, көлік қозғалысын бөгемекке талпынды. Алайда шараға шыққан адам қарасы аз болған. Тель-Авивте небары 150-ге жуық кісі көшеге шықса, өзге қалаларда одан да аз болған. Өйткені халықтың басым бөлігі вакцинаның тиімділігіне көз жеткізіп, вакцина алуға ұзын-сонар кезекте тұр.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы