389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ-ға төрағалық Қырғыз Республикасына өтеді

  • 369
  • UPD: 11:56, 10.06.2018
ШЫҰ-ға төрағалық Қырғыз Республикасына өтеді Sputnik Узбекистан

Қытайдың Циндао қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр.

Шараны ашқан ҚХР Төрағасы өткен жылы ұйымға тең құқылы мүше болып қосылған Пәкістан мен Үндістан басшыларын алғаш рет отырысқа қатысуларымен құттықтады. Сонымен қатар ол бүгінде ШЫҰ әлемдік деңгейдегі мәртебелі ұйымға айналғанын және барлық мемлекеттер күш біріктіргенде зор табысқа жететіндігін баса айтты. «ШЫҰ-ға төрағалық аясында біз жыл бойы міндетімізді абыроймен атқарып, саяси, экономикалық, гуманитарлық, қауіпсіздік, сыртқы байланыстар және институционалды қамтамасыз ету салаларында 200-ден астам түрлі шара ұйымдастардық. ШЫҰ жұмысында айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Дегенмен бұл ілгерілеушіліктерді сіздердің қолдауларыңызсыз атқару мүмкін емес. Сондықтан сіздерге ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті Си Цзиньпин.

Қытай басшысының айтуынша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер терроризм, сепаратизм және экстремизмге, есірткі саудасына қарсы күш біріктірулері қажет. Өзара сенімді арттырып, тату көршілік, достық пен ынтымақтастық ережелерін қатаң ұстанған жөн. «Ағымдағы жылы сіздердің зор көмектеріңізбен, қолдауларыңызбен ШЫҰ-ға төрағалығымызды аяқтап, саммит өткізіп жатырмыз. Қытай тарапы конструктивті және прагмативті, достық рухында осы саммитте қол жеткізілген уағдаластықты ұйымға мүше мемлекеттермен бірге жүзеге асыруға дайын. Алдағы уақытта Қырғыз Республикасының ұйымға төрағалығына қолдау көрсететін боламыз», – деді Си Цзиньпин.

Айта кетейік, отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Хасан Роухани және Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.

Хабар 24 телеарнасы