365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапарымен барады

  • 464
  • UPD: 14:42, 23.08.2018

Елбасы өңірдегі іргелі істермен танысып, облыс активімен кездеседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бағамдайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы сапарын әдеттегідей өндіріс саласындағы өркенді істермен танысудан бастайды. Президенттің өңірдегі индустриалды аймаққа баруы жоспарланған. Онда ас атасы наннан бастап макарон өнімдері және ет консервісіне дейін шығарылады. Ұн тартатын кәсіпорын да осында орналасқан. Оған қажетті шикізат, яғни бидай кәсіпорынға қарасты шаруа қожалығында өсіріледі. Жалпы компания Елбасы назарына нан өнімдерінен бөлек, кластерлік негізде құрылған кешенді өндіріс орындарын таныстырады. Онда электр қуатын өндіретін және асфальт шығаратын кәсіпорын да бар. Бұдан әрі Нұрсұлтан Назарбаев «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының интеллектуалды жобаларын да көреді. Оның ерекшелігі, қала орталығындағы кеңседен кен орындарын қашықтан басқаруға болады. Сондай-ақ бүгін Президент баратын нысандардың қатарында қара алтын кеніштеріне металл бұйымдарын дайындайтын цех та бар. Соңғы екі жылдан бері ондағы өндірістің біршама бөлігі автоматтандырылған. Дәлірек айтқанда, дәнекерлеуші, токарь сынды мамандардың жұмысын робот атқарады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы жылына мың тонна металл бұйымын шығаруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, облыс орталығында жаңа студенттер үйі пайдалануға берілді. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған бес бастаманың аймақта лайықты жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Студенттер үйінде жатақхана, коворкинг орталық, фитнес залы және заманауи кітапхана бар. Енді бұл нысан Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университет студенттерінің игілігі үшін қолданылады. Мемлекет басшысы нысандарды аралап болған соң, облыс активімен кездеседі деп күтіліп отыр. Онда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев есеп береді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Осы категория бойынша: « А.Мамин Ашхабадта өткен Қазақстан-Түркіменстан Үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысты Мәжілісте конституциялық реформаға байланысты өзгерістер талқыланды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы