378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда Қазақстанның БҰҰ ҚК-дегі төрағалығының нәтижелері талқыланды

  • 209
  • UPD: 00:11, 20.12.2018

Ұлыбритания астанасында Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығының нәтижелері талқыланды.

Британиялық жұртшылық жеткен жетістіктері мен алда тұрған міндеттері туралы сөз қозғады. Лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.

Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын осыған ұқсас шара өткізілген болатын. Бірақ ол кезде Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңестегі тұрақты емес мүшелігі қандай болмақ, деген сауал талқыланды. Ал бүгін жиналғандар сол болжамдардың қаншалықты жүзеге асқанын айтты. Саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саясаттанушылар және мәдениеттанушылар бір ауыздан Қазақстан халықаралық бітімгер әрі аймақтық өкіл ретінде діттеген мақсатына жетті деп шешті. 

Стивен Эмбланд, саясаттанушы:

- Қазақстан көбіне назарын терроризм мәселесіне аударды. Халықаралық қауымдастықты Ауғанстан проблемаларын қайта қарауға шақырды. Бұл соңғы 8 жылда бірінші рет болып отырған жағдай. Сонымен қатар Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық арсеналды мұра ретінде қабылдаған ел ретінде ядролық қаруды таратпау мәселесін көтерді.

Шара UCL университеті шығыстану факультетінің және «Ашық Орталық Азия» журналының ұйымдастыруымен өтті. Олар үшін Қазақстан бүгінде аймақ көшбасшысы ретінде ерекше тартымды болып тұр. 

Марат Ахмеджанов, «Ашық Орталық Азия» журналын шығарушы:

- Біз болашақта да Қазақстанның халықаралық деңгейдегі белсенділігін қуана қадағалайтын боламыз. Бұл тек Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесі ғана емес, басқа да халықаралық ұйымдарға қатысты айтылған әңгіме. Сараптап, танытып, көмектесетін боламыз. 

Келешекте мұндай шараларды көптеп өткізу жоспарланып отыр. Әсіресе Ұлыбританиядағы танымал жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері арасында. Өйткені академиялық және студенттік қауымдастықтың Орталық Азияға деген қызығушылығы күн санап артып келеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы