378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Ресей арасында 2 жылға арналған ынтымақтастық жоспары бекіді

  • 374
  • UPD: 22:44, 28.01.2019

Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Мәскеуге ресми сапармен барып, ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесті.

Онда дипломаттар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың болшағын талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі түрлі мәселелерге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. 

Бейбіт Атамқұловтың ресми сапары белгісіз жауынгердің зиратына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін ведомоства басшысы әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, алдағы екі жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.

Ресейдің сыртқы істер министрі халықаралық аренадағы еліміздің дипломатиялық жетістіктерін ерекше атап өтті.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Астананың өз халықаралық орнын күшейтуге бағытталған жұмысын, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2017-2018 жылдары астаналық дипломаттар атқарған еңбегін жоғары бағалап отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық үрдісті нығайту мақсатына ерекше көңіл бөлдік. Бұл тұрғыдағы пікіріміз ортақ, еуразиялық интеграция ауқымын кеңейту оған мүше елдердің бәсекелестігін арттыруға және азаматтарымыздың әл-ауқатының өсуіне бағытталған.

Басқосуда тараптар сауда-экономикалық, көлік транзиттік, әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту және энергетика мәселелерін жан-жақты қарастырды. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазақ дипломатиясының экономикалық құрамын күшейтуді мықтап қолға алмақшы.

Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Сыртқы істер министрі:

– Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жұмысы жаңадан жасақталады. Инвестициялар тарту және Қазақстан экспортына қолдау көрсету мәселелеріне үлкен көңіл бөлеміз. Экономикалық бағыттағы өзара байланысымызды арттыра түсу елдерімізге оң әсер етеді деп санаймыз. Алыс-берісіміз ұлғайып, инвестициялық ынтымақтастығымыз нығаяды.

Ресей – Қазақстан экономикасындағы ең ірі 7 инвестордың қатарына кіреді. Қазір қос ел арасында құны 2 миллиард 700 миллион доллар болатын бірлескен 16 инвестициялық жоба бар. Олар тау-кен, химия мен ауыл-шаруашылық салаларында жүзеге асып жатыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы