375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық комитетінің отырысы өтті

  • 266
  • UPD: 22:01, 31.01.2019

Брюссельде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық комитетінің 17-отырысы өтті.

Жиында екіжақты саяси һәм экономикалық диалогты одан әрі нығайту жайы қаралды. Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жартысынан көбі осы кәрі құрлық елдерінің үлесінде. Сосын Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық келісімін жасасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел. Бұл құжатты Қазақстан, Еуропарламент және одаққа мүше 28 елдің жиырма бесі ратификациялап үлгерді. Бүгінгі отырыста осы келісімде қамтылған 29 саладағы серіктестікті тереңдету мәселесі қаралды. Тізімде энергетика мен қоршаған ортаны қорғау, көлік пен медицина, заңның үстемдігі мен азаматтардың құқығын қорғау, лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ визалық тәртіпті жеңілдету мен аймақтық қауіпсіздік мәселелері бар.

Роман Василенко, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесуі осы қатынастарға зор серпін берген. Біз еуропалық инвестиция мен технологияны елімізге тартуға мүдделіміз. Әрине саяси қатынастарымызға да үлкен көңіл бөлдік. Былтыр Брюссельде Елбасымыз жариялаған әлемнің жетекші ойыншылары – АҚШ, Ресей, Қытай және Еуроодақ арасында диалог ұйымдастыру бастамасын да қозғадық. Осындай диалог ұйымдастыру үшін үлкен дайындық жүргізу қажет.

Люк Девинь, ЕСІҚ Еуропа және Орталық Азия бойынша директордың орынбасары:

– Кездесуіміз табысты өтті. Орталық Азия аймағындағы бірқатар оң өзгерісті қолдап жүрміз және аймақтық ынтымақтастықтағы Қазақстанның орнын жоғары бағалаймыз. Әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қосқан үлесін және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі ретіндегі еңбегін де құрметтейміз. Қауіпсіздік саласында біз бірлесіп экстремизм мен терроризммен күресіп келеміз. Еуроодақ қаржыландырып жүрген ауған әйелдеріне арналған ағартушылық бағдарламаны жүзеге асыруда Қазақстан көрсеткен қолдауын да жоғары бағалаймыз.

Хабар 24 телеарнасы