376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы тарихи сәттер әлемдік БАҚ назарында

  • 127
  • UPD: 22:48, 20.03.2019

Әлемдік баспасөз мен беделді ақпарат құралдары да Қазақстан саясатындағы елеулі өзгеріс жайында жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбісі «Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі елдің жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсетеді», – деген пікір жазған.

Қазақстандағы Президенттің ауысу процесін мұхиттың ар жағындағы АҚШ мұқият бақылап отыр. Американың біздің елге деген ниетінің түзу екендігін Тұңғыш Президент Вашингтонға барғанда байқалған-ды. Сондықтан «The New York Times» баспасы қазақ көшбасшысының тарихи шешімі жайында ауқымды мақала жариялады. Атап айтқанда, интернет-баспа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруды былай деп топшылайды.

The New York Times: «Сарапшылардың пікірінше, Назарбаевтың мемлекеттік басқару ісінен екі себеппен кетуі мүмкін. Ең алдымен, ол өзінің саяси мұрасын сақтау мақсатында биліктің ың-шыңсыз реттелген тәртібі бойынша алмасуын қалайды».

Өз кезегінде Блумберг баспасы саяси биліктің Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтуін экономикалық тұрғыдан сараптап көрді. Ал The Washington Post Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі ескерусіз қалмайтынын жазады. 

«Назарбаев бұл мәселені ұзақ уақыт ой талқысынан өткізгені белгілі. Алайда осындай қысқа уақытта іске асыратынын ешкім күтпеді,» – дейді Лондондағы Standard Life Investments Ltd қорының басқарушысы ретінде қазақстандық еурооблигацияларын ұстайтын Киран Кертис. Экономикалық жағдай тұрақсыздыққа ұшыраған жағдайда алаңдауымызға болар еді. Дәл қазір облигацияларды ұстаушы ретінде біз үшін алаңдауға еш негіз жоқ».

«Елбасы мәртебесіне ие Назарбаев әкілеттігін тоқтатқан күннің өзінде ең беделді тұлға болып қала бермек. ТМД аймағында оның пікірімен барлығы, оның ішінде Ресей Президенті Владимир Путин де міндетті түрде санасатын болады».

Ресей баспалары да Қазақстандағы саяси жағдайды басты назарда ұстап отыр. Мәселен, ТАСС агентігі, қырғызстандық сарапшының пікірін жариялады. Игорь Шестаков сұхбатында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта өз рөлін сақтап қалатынын жеткізді.

Игорь Шестаков «Пікір» Қырғыз аймақтық сарапшылар клубының төрағасы:

– Қазақстанның сыртқы саясатының бағыт-бағдары ауысады деп ойламаймын. Себебі мемлекеттік басқару тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаев сынды тәжірибелі дипломатқа өтті. Ол – Қазақстанның сыртқы саясатын түзуге атсалысқан бірден бір азамат.

Associated Press те Қазақстандағы басты жаңалықты сараптаудан қалыс қалмады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің шешіміне қатысты агенттік өкілі орталық Азия бойынша сарапшы пікіріне жүгінген.

Андрей Суздальцев, Орталық Азия бойынша сарапшы:

– Ол тұтас бір мемлекетті қалыптастырды. Көпұлтты елде конфессияаралық келісімді сақтауға күш салды. Мемлекеттің өз дәстүрін қалыптастырды. Бұл өте маңызды.

Бұл әлемдік ақпарат құралдары жариялаған мақалалардың бірпарасы ғана. Барлығы да еліміздегі саяси өзгерісті одан әрі назарда ұстайтыны белгілі. Өйткені Қазақстанда алдағы уақытта ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы