384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Анкарада түрік тіліндегі «Тарих жасаған тұлға» кітабының тұсаукесері өтті

  • 324
  • UPD: 12:41, 23.06.2019

Анкарада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрік тіліндегі «Тарих жасаған тұлға» атты кітабы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шараға Түркияның зиялы қауым өкілдері, белді саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Кітапта мемлекетіміздің іргесін қалап, егемен елімізді әлемге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері баяндалады. 

30 жыл – қас-қағым сәт болғанымен, қазақ үшін ғасырларға бергісіз, әр айы жылға татитын, жарқын да шешуші кезеңдерге толы тұтас дәуірді құрайтын кезең. Еліміз қысқа уақыт аралығында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында биік белестерді бағындырып, елеулі табыстарға қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев кітабын «Тарих жасаған тұлға» деп атауы сондықтан. Мұнда автор егеменді еліміздің  еңсесі тіктей бастаған сәттердегі қызықты оқиғалар мен ешбір кітаптарында кездесе бермейтін әлемдік саясаттың нәзік тұстарын шебер жеткізген.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

- «Тарих жасаған тұлға» – президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың түрік тіліне аударылған екінші кітабы. Туынды арқылы Тоқаевтың көзімен Нұрсұлтан Назарбаевты одан да жақын танитын боламыз. Дипломат, саясаткер ретінде жазылған кітаптың мазмұны өте ерекше болатыны анық. Мұның басқа да түркітілдес мемлекеттердің тілдеріне аударылуына тілектеспін. Туыстас халықтардың кемеңгерлерін бірінші өзіміз танып, түсінуіміз тиіс.

Хасан Қанболат, Анкара саясат орталығы басшысы:

- Бүгін Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаевты басқа тұсынан танып отырмыз. Ол мықты саясаткер, дипломат болуымен қатар қаламы қарымды жазушы екеніне де көз жеткіздік. Тоқаев бұл кітабы арқылы өткеннен үлгі алып, жарқын болашаққа нақ қадам басатындығын оқырмандарына жеткізіп отырғандығы бізді қуантады.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Түркі академиясы ұйымдастырған шарада кітапты аударған белгілі жазушы Мәлік Отарбаев туындыны таңдау себебін түсіндірді. Оның айтуынша, Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістік үшін Қазақстанның тәжірибесі үлкен маңызға ие. Әрі шетелдік оқырмандар елімізді одан да жақыннан тануға мүмкіндік алады.

Мәлік Отарбаев, «Тарих жасаған тұлға» кітабының аудармашысы:

- Мен осы кітапты оқып шыққаннан кейін Түркі академиясына өз келісімімді беріп, былтыр түрік тіліне аударып шықтым. Расында, бұл кітапты редакциялағанда өте сапалы редакторлар жұмылдырылды. Түрік оқырманының көңілінен шығады деп ойлаймын. Және бүгін де кітаппен танысып, кітапты оқыған сарапшылар жоғары баға беріп отыр. Олар: «жаңа дәуірге қадам бастырған тұлға туралы жазу, жаза білу – үлкен парасат биігінен көріну білу», – дейді.

«Халықаралық аренада мойындалу өте күрделі әрі көптеген сынақтардан өтуді қажет етеді», – дейді мемлекет басшысы. Төрткүл дүние қазірде Елбасыны үлкен реформатор деп мойындайды. Ал бұл атаққа қол жеткізу тынбай еңбек етуді талап етеді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихы мен елімізді өңірлік державалар қатарына қосқан беделді тұлға, саясаткер болып қалады. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев сөз соңын осылай деп түйіндеген.  Демек Елбасымыз 30 жылда қазақ үшін «Тарих жасаған тұлғаға» айналды.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы