389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда Елбасыға арналған «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабы таныстырылды

  • 317
  • UPD: 11:46, 28.09.2019

Түркияда «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабы таныстырылды.

Айтулы шара Нахчиван келісімінің 10 жылдығына орайластырылды. Кітапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлеміндегі рөлін толықтай ашатын бірқатар мемлекет басшылары, танымал саясаттанушылар мен сарапшылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пайымды пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев – тек қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі жұртының ақсақалы. Түркі дүниесінде ең маңызды бастамалар Елбасының көшбасшылығымен жүзеге асты. Түркі академиясының шығарған кітабы «Түркі интеграциясының архитекторы» деп атауы сондықтан. Туындыда авторлар Елбасының көшбасшылық қасиеттері мен маңызды қадамдарға барудағы даналық қырын шебер жеткізген.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшісі:

- Алғашқы рет жарияланғаннан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл бір жылдың ішінде көптеген өзгеріс орын алды. Оның бірі – Түркі әлемінде және халықаралық деңгейде үлкен мәнге ие Қазақстан Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 наурыздағы тарихи шешімі.

Кітапта негізінен тамырлас, бауырлас ел басшылары, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің арнайы жазған мақалалары мен естеліктері жинақталған. Соның 20-сы – түріктің белді саясаткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің жазбалары.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

– Алдымен кітапты жинақтаған Түркі академиясына алғысымды білдіремін. Бұл текті кітаптардың маңызы зор. Ғасырымыздың көшбасшылары түркі дүниесі секілді, күллі жаһанда білуі тиіс. Ақсақал тек Нұр- Сұлтан, Еуразия мен түркі дүниесіне қызметімен шектелген жоқ. Ол – әлемде қандай мәселе болса, оның түйінін бейбіт жолмен тарқатуға елеулі үлес қосқан көшбасшы.

Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы мәдениет министрі:

– Нұрсұлтан Назарбаевты 1990 жылдардың басынан бері жақсы танимын. Осы жылдар ішіндегі мемлекеттік кездесулер, игі бастамаларға қатысты естеліктерімді жинақта жаздым. Соның ішінде 2009 жылы құрылған Түркі кеңесіне қатысты пікірлерімді білдірдім.

«Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі түркі әлемінің дуайені» дейді Түркия президенті. Оның жүргізген парасатты әрі байыпты саясатының арқасында Қазақстан бүгінде аймақтағы және дүние жүзіндегі елдердің ынтымақтасуға ұмтылған серіктесіне айналды. Режеп Тайып Ердоған кітапта сөзін осылай түйіндепті. Демек Елбасымыз түркі ынтымақтастығының архитекторы екенін барша түркі жұрты мойындайды.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы