389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияның азаматтық авиация агенттігі Қазақстанға қолдау көрсетеді

  • 166
Ұлыбританияның азаматтық авиация агенттігі Қазақстанға қолдау көрсетеді

Лондонда (Ұлыбритания) Халықаралық Азаматтық авиация агенттігі (CAAi) мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі арасында азаматтық авиацияны реттеудің британдық үлгісіне көшу бойынша техникалық қолдау көрсету туралы келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Азаматтық авиация комитетінің Facebook-тегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жаңа реттеу жүйесі қазақстандық әуе көлігі секторының өсуіне қолдау көрсетіп, Қазақстанның авиация индустриясы жаһандық ойыншы болуына негіз болады. Келісім аясында алдағы 12 ай ішінде Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігінің (UK CAA) реттеу жөніндегі сарапшылары Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне (ҚАӘ) қолдау көрсетеді және Қазақстандағы заңнаманы талдап, EASA/ЕО ережелерін одан әрі енгізу және оларды UK CAA моделімен келісу жолдарын ұсынады. Екінші жұмыс кезеңі Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ұйымдық құрылымына арналып, онда UK CAA үлгісіне сәйкес ұсынымдар беріледі. Халықаралық азаматтық авиация агенттігіне (CAAi) ҚАӘ техникалық персоналын оқыту қажеттіліктеріне талдау жүргізу тапсырылған.

«Біз қазақстандық әріптестерімізбен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқанымызға қуаныштымыз және біз ҚАӘ -ті қолдауға ниеттіміз. Қазақстан әуе көлігі секторын үнемі жетілдіруге зор талпыныспен қарайды және осы жолда біз үшін жетекші рөл атқару өте маңызды. Географиялық жағынан Қазақстан екі алып авиациялық нарық ортасында орналасқан, сондықтан транзиттік қосылыстардың көп санын тарту, сондай-ақ оның халықаралық желісін кеңейту үшін үлкен әлеуеті бар. Мұны қадағалау үшін Қазақстанның нормативтік-құқықтық базасы жетілдіре түсіп, бұл Қазақстанға авиациядан келетін әлеуметтік-экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді», – деді CAAi Халықаралық даму бөлімінің басшысы Маттийс Смит. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, осы ұйымның негізгі қызметі авиакомпаниялар мен әуе кемелерін техникалық бақылау және қадағалау, ИКАО стандарттарына сәйкес персоналды оқыту болып табылады. «Енді Қазақстанға ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарын енгізуге Британдық агенттіктің жетекші еуропалық сарапшылары техникалық қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс: «Бұл келісім Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қызметкерлерінің біліктілігі мен құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ Ұлыбританияның авиациялық билігінің үздік тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Авиациялық әкімшілікті құру Қазақстанның авиация саласын мемлекеттік реттеудің халықаралақ үздік тәжірибесіне көшуін жылдамдатады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуе ұшуларының қауіпсіздігі сияқты маңызды салада бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ететін болады. UK CAA-мен келісім ИКАО талаптарына сәйкес келуге мүмкіндік беретін ұшу қауіпсіздігінің 80 пайыздық деңгейіне қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстанның авиациялық әкімшілігін қолдауға бағытталған», – дейді. Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд пен оның Халықаралық сауда департаментіндегі (DIT) әріптестері осы жобаның жүзеге асуы үшін тұрақты түрде қолдау көрсетті. «Ұлыбритания көптеген салаларда ең озық тәжірибе көзі болып табылады. Қазақстанның азаматтық авиацияны реттеудің британдық үлгісін қабылдауы, үкіметтік құрылымдардың біздің сараптамалық білім мен экономикалық реформаларды қолдауымызға жүгінетіндігін көрсетеді. Британдық үкімет Қазақстанмен қарым-қатынасымызды нығайтуға бағытталған ұстанымын көрсетіп отыр. Біз Қазақстанның әуе көлігі секторының өсуіне ықпал ететін және Қазақстанның авиация индустриясының жаһандық ойыншы болуына негіз болатын жаңа бастаманың іске қосылуына мақтанышпен куә болып отырмыз», – деп атап өтті DIT директоры Эдмунд Марлер. Жобаның алғашқы кезеңі 2019 жылдың қазан айында басталады. Екінші кезеңде бесжылдық стратегиялық жоспар және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоспар әзірленеді.

Хабар 24 телеарнасы